Динара Сәтжан “Қазақстан” ұлттық арнасы басшылығынан кетті
2018 ж. 05 сәуір
4173
10
Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан “Қазақстан” РТРК басшылығынан кетті. Ол бұған дейін Ұлттық арна басшысы Ерлан Қариннің кеңесшісі қызметін атқарған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Өткен жылы Ұлттық арнада жұмыс істеу үшін бәрін тастадым. Бұл бір естен кетпес шақ болды. Жаңа телемаусым даярладық. Жаңа студиялар, жаңа имидж, жаңа графика, жаңа жобалар. Ең бастысы – ребрендинг. Бұл мен үшін керемет тәжірибе болды, ол маған болашақта міндетті түрде керек болады”, – деген Динара Сәтжан кетуінің себебін былай түсіндірді.
“Енді жеке бизнесіме көбірек көңіл бөлемін. Бірақ, мен әлі де штаттан тыс кеңесші болып қала беремін. Сондықтан да сіздер корпорацияда болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар боласыздар”, – деді ол.
Айта кетейік, Динара Сәтжан 2017 жылдың маусым айында Ерлан Қариннің кеңесшісі қызметіне тағайындалған болатын. Тележүргізуші басшылыққа келе салысымен, қоғам өкілдері оның қызметіне қарсы болды. Көпшілік, орыс тілді маманның Ұлттық арна басшылығына сай еместігін айтқан еді. Сәтжанның құрбысы Баян Алагөзова Ұлттық арнаның тапсырысы бойынша “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” телехикаясын түсіргеннен кейін дау ушыға түсті.