Алматы облысы Наурыз мерекесіне орай 1500-ден аса іс-шаралар ұйымдастырылмақ
2018 ж. 17 наурыз
7398
3
Ұлыстың ұлы күнін тойлау 14-ші наурыз, яғни, «Көрісу» күнінен бастау алып кеткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Көлбаев Марлен баяндады.
Сонымен қатар, Талдықорған қаласының өзінде түрлі шаралар қамтылған. Мәселен, «Ұлт рухы» атты «Шежіре» өнер-тәлім отауларының салт- дәстүрлер шеруі, «Ұлттық ою-өрнек сыры» көрмесі, «Қамқор» балалар үйі тәрбиеленушілерімен қайырымдылық концерті, «Көрісіп, күлімдесін мауқын басып» дөңгелек үстелі, «Бақ мерекем, құт мерекем Әз - Наурыз» мерекелік кеші, «Флеш-Моб», «Қош келдің Әз Наурыз» мерекелік концерті және тағы да басқа.
«Б.Римова атындағы облыстық дара театрында күніне 2 рет «Наурыз-жыл басы» ертегісі қойылып жатыр. Осымен бірге, Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымы Панфилов ауданында өз концерттерін беріп, халықтың алғысына кенелді», - дейді М.Көлбаев.
Баспасөз-конференциясында «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі 21-ші наурыз күні Іле, 22-ші наурыз күні Райымбек аудандарына барып, мерекелік концерттер ұйымдастыратыны белгілі болды.
Сондай-ақ, салт-дәстүрлер шеруі аудан, қалалардағы 236 «Шежіре» өнер-тәлім отаулары арқылы да ұлықталып жатыр. Аудан, қалалардан мерекені атап өту жөніндегі жоспарлары алынды. Халықтың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін концерттік бағдарламалар кеңінен ұйымдастырылып жатыр.
«21-22-ші наурызда бапрлық аудан, қалаларда және Талдықорғанда «Жастар» саябағында театрландырылған көріністерге толы мәдени көпшілік шаралар көптеп ұйымдастырылатын болады», - деп қорытындылады М.Көлбаев.