Өтежан Нұрғалиев, ақын: ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ЖҰЛДЫЗЫ ТУДЫ, АҚ ЖҰЛДЫЗЫ ӘЛІ ТУҒАН ЖОҚ

Ең әуелі сіз кімсіз?

– Бұл сұрақты сен емес мен қойсам керек еді. Мен кіммін? Сен білмейсің. Білмейтінің оқымайсың. Сендерге менен көрі нан қымбат. Әркім өз нанын ойлайды. Мені кезінде «қазақтың Пушкині», «Лермонтовы» дегендер болған. Шын ба, өтірік пе оны білмеймін. Білетінім мен өзіммін. Әдебиетте ұстаз да шәкірт те жоқ. Ұстазың болса өлдің. Абайдың тұл болғаны сол. Шәкәрім де оған ұқсаған жоқ. Өзі болды. Мен кеңес заманының адамымын. Жаңа заманға кірген жоқпын. Кітабым шықпағалы 20 жылдай болды. Сыйлайтын бірлі-жарым адамдар өліп бітті. Қаратасқа айналып Абай тұр. Құлақ жоқ. Тыңдамайды. Жаулар қалғымайды. Олар менің өлгенімді күтіп отыр. Өлген күні тіріде қия алмайтын бірер ауыз сөзін сыйлап, қайтып тіріліп кетпесін деп таспен бастырып қояды.

Ендеше бүгінгі әдебиет туралы не айтасыз?

– Халқың қандай болса, әдебиетің сондай болады.

Байларға, тақ қуғандарға әдебиет керек емес. Оларға тағы мен байлығы керек. Ал халыққа өзіне тән ұлттық әдебиет керек. Орыстың әдебиетіндей ұлтшыл әдебиет керек. Орыс әдебиеті өзін сатқан жоқ. Орыс әдебиеті дегенде оның көшірмесі емес, рухы керек. Өз халқын сүйетін, халқының болмысын, рухын ту ететін таза әбдебиетті айтып отырмын. Көп жағдайда өз құндылықтарымызды өзіміз мойындамай, өзгеге жалтақтаймыз. Басқалардың дайын дүниесін көшіргенше рухын, өнегесін алайық. Абай, Жамбыл, Мұхтар, Сәбит, Ғабит... бәріміз орысты жырладық. Абай Абылайды жанындай жақсы көріп сүйседе, ол туралы бір ауыз сөз айтқан емес. Атында атамайды. Әрине әкесі орысқа ант берген губернатор. Бірақ жазсам деп толғанды, сыртқа шығара алмады. «Кімде кім Абылай туралы поэма жазса, бір ту бие беремін» деп Көкбайға жаздырды. Абайдың жазбағаны – Абай өте сақ. Сақ болу деген сөз заманнан қорқу деген сөз. Бізде қорқақтар көп. Жәй қорқақтар емес, білімі жоқ қорқақтар. Ұлттық санамызды бағалаудан қорқамыз. Ұлтшыл деген сөзден қорқамыз. Олай болса қорқақтардан қандай әдебиет туады?! Қандай тарих туады?!

– Барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп отырған бүгінгі күнде мейлі әдебиетшілеріміз болсын, мейлі тарихшыларымыз болсын әлі де халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отырмыз ба?

– Әрине, әдебиетте өмір жоқ. Тарихта тамыры терең тағылым жоқ. Баяғы сарын. Қызыл иек.

– Нақтылап айтсаңыз?

– Баяғы сарын деп отырғаным жерден жеті қоян тапқандай сол баяғы ескі тонымызды тастамаймыз.

         «Қозы көрпеш-Баян сұлу» «Айман-Шолпан» - сүйгеніңді ал, ата-анаңның тілін алма, ата-анаңның айтқан жеріне барма деген идеяны миымызға сіңіріп, 50 жыл бойы құлағымызға құйды. Қарабай, Көтібарларды жек көру рухында өстік. Ес жиып тәуелсіздігімізді қолға алғаннан кейін қайта ойланғанның орнына кеңестік кезеңнің сойылын соғудан шаршамадық. Орыс бодандығына қарсы өткен Көтібар тұлғасы әлі қараланып келеді. Орысша ойлаудан, орысша жазудан арыла алмай келе жатқан қанша қазақ бар.

        «Қызжібек» қиссасындағы Кескентеректің образының орнына алынған Бекежан батырда сондай қаралаудың құрбаны болды. Оның ұлы Тайлақ батырдың өзі қандай биік тұлға еді! Сол секілді патшалық билікке, орыстық жүйеге қарсы шыққан Сегізсері тарихтағы орнын ала алмай келеді. Шын мәнінде ол Шохан Уәлихановтың ақын түрі. Демек осының бәрі қазақтың қайшылығы мол тарихының қалтарысында қалды. Ақиқатын айтқан әдебиетші не тарихшы жоқ. Бәрі өз атақ абыройының, бет беделінің құлы. Әдебиетте ащы сын, қатты сөз болмағасын тісі жоқ қызыл иек болмай қайтсын. Тісі жоқ кәрі кемпір сияқты аузына түскен талқанды таусай береді. Саясаттың салқынында өскендігіміз болар адамдар арасындағы шындық өмірді, тірі дүниені әлі жаза алмай жатырмыз. Болмыспен бетпе-бет келе алмай жүрміз. Ағылшындармен, француздармен, немістермен, испандармен, орыстармен салыстыр-

ғанда «пешкамыз». Әдебиетіміз бен тарихымыз тұлдыр, болашағымыз бұлдыр болып тұр.

– Өткен тарихтың да өкпелі қылатын тұстары көп болғаны ма?

– Қазірге дейін саясатпен келдік. Саясат сатқындыққа, құрбандыққа апарады. Қазақтың қағыс қалған тарихы көп. Өткен тарихтың бәрінеде, жазылған еңбектерге де басқаша көзқарас, басқаша зерттеу керек. Орыстардың шіркеулерде жазылған шежіресі бар. Жыл орыс сайын жазылып отырған, үйдей кітап. «Күнкөсем» аталған Лениннің өзі: «Біздің жалғыз ғана бөлінбеген сөзіміз – орыс деген сөз» дейді. «Күн» емес, орыстың шоқпары болғанын енді-енді сезініп жатырмыз. Ал енді біз қазақтың жаңа тарихын жасаудан     неге қорқамыз. Қазақтың ту көтерген адамы өзіне жақпайды. Қазақ деп айғайлаған жаннан қашамыз. Қазақ қанды елім деп еміреніп жүрген ерлер көп. Соларды неге қолдамаймыз.

– Олай болса, бостықты толтыру үшін тарихқа қай қырынан келгеніміз оң деп ойлайсыз?

– Тарих жазылмай жатқан жоқ, жазылып жатыр. Тарихшы-ғалым көп болғанмен нағыз тарихымыз жоқ дерлік. Саясатты жырлаудан қорықпайтын, кеңестік империяның сойылын соғудан қорықпайтын кейбір тарихшылар ата-тегімізді анықтап, төлқұжатымызды танытатын ата шежіремізді – ру-тайпалар тарихынан тартып тұтас тарихымызды жасаудан қорқады. Қазақ атауының кейін қалыптасқанын ескерсек, ру деген сөз, тайпа деген сөз қазақ деген сөз. Ру деген сөз әсте жақ-жақ болып қырқыс деген сөз емес.

           Олай болса ерімеген мұзды ерітетін, қатып қалған берішті жібітетін арнайы тарих инситуты керек. Жақында сондай бір жұмыс атқарып жатқан үлкен орталық бар дегенді естіп, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығына бас сұқтым.Бұл орталық қазақтың тарихын там-тұмдап жинап, Мәскеуден, Санкт-Петербургден... басқада қалалардан «ойдан орып, қырдан қырып» дегендей біраз дүниенің басын қосып жатып ты. Аталық тарих-аналық тарихтан,

ру-тайпалық кезеңнен қалыптасқан таза тарихымызды жасауға құлшынып, 30-ға жақын том шығарыпты. Әркім қара басының қамымен жүргенде күллі Алаштың кемелді тарихын жасауға құлшыну қандай керемет еңбек. Жай ғана еңбектеніп отырған жоқ, тұтас бір институттың жүгін арқалап отыр екен.

Алаштың арғы тарихы ру-тайпалық кезеңнен басталады десек те, оны зерттеуді «орыстардың қазақ жерін басқаруына байланысты бірімізді-бірімізге салу үшін, алалық тудыру үшін жасаған іріткісі, бүгінге керегі жоқ» деп қарайтын ғалымдар да бар. Бұған не айтасыз?

           Қазаққа қазақтан басқа дос жоқ. Ел мен жер тағдыры сынға түскен қиын сәттерде - аштықта, соғыста әр рудың батырлары шығып, өз қандасын өлімге бермеген. Рулар арқылы ұжымдаса  қалып аштықта бір бидайды бөліп жеген. Жау келгенде тұтас бір рудың, бір жүздің, тұтас алаштың амандығы үшін жалғыз батыр қасқайып қан майданға шығатын болған. Демек, бүгінгі ұлт тарихын, Алаш тарихын тамырынан қопара зерттеуде тарихтың қағыс қалған осы парағына үңілу әсте рушылдық емес. Шежіре шерту ата дәстүрі. Ауызша тарихымыздың бастауы. Бұл дәстүрді ар жағында Өгізхан шығарған. Онан кейін Шыңғысхан, Абылайхан жалғады. Еліңнің, жеріңнің, малыңның ен-таңбасын біл, тарихыңнан жаңылма деді. Осы ақтаңдаққа бүкіл қазақ ентелеп отыр. Мен кіммін, менің атам кім, өз тарихымды өзіме берші деп сусап отыр. Орыстың өтірігіне кекірелеп қазақтың таза тарихына кенезесі кеуіп отыр. Бірақ оның да досынан жауы көп. Сүрінгенін күтеді. Сол үшінде олардың еңбегі қыл көпірде тұрып қылшық жиғанмен бірдей. Бүкіл халық жақсылық тілегенмен бүкіл ғалым бір ауыздылыққа келе алмайды.

– Демек ұлттық болмысымыз бойымызға сіңіп болмаған соң, «орыстар жасаған тарихқа» оң көзбен қарасақта, ата тарихына үрке қараймыз, кедергілер көп болады деп отырсыз ғой.

– Бұл жолда жеңіп шығу деген жоқ. Олар жеңу үшін, арзан атақ үшін, әлде кімнің ата-тегі үшін істеп жатқан жоқ. Баяғы моңғолдар сияқты қазақтың «Алтын шежіресін» жасап жатыр. Халықтың жаңа дүниеге, тарихи өзгеріске үрке қарайтын әдеті бар. Соның ішінде біз қазақпыз. Қазақ – тұс-тұстан құйылатын тентектердің қазаны. Үніміз бір жерден шықпайды. Ішімізде күндестік, бақталастық мысық табандап жатады. Қазақтың қара жұлдызы туған, сөнген жоқ. Бірімізді біріміз құртсақ қара жұлдызымыз жарқырай береді. Бірақ «Алаштықтар» таза еңбегімен тарих алдында, халық алдында сүрінбейді. Олардың еңбегі француз королдарының шежіресінен бір кем емес. Міне, бізге осындай еңбек керек, осындай тарих керек. Саясатқа бармайтын, көңілге қарамайтын, атаны алаламайтын шындық шыққанда ғана өкініштің орнын таза тарихпен жамай аламыз.

– Өзіңіз ақиқаттың бәрін айтып отырсыз. Ал осы мәселелер жеке шығармашылығыңызда қалай?

– Өзім осының бәрін айғайлап айтқым келсе де, әлсіз ғана жанмын. Ұлттық, патриоттық сезім күшті! Бірақ болмысты жеңе алмаймын. Қоғамға керексізбін. Әр кім әңгімелескісі келетін шығар. Екінші рет қашады: «Қырт шал» деп қорқады. Сен де екі келмейсің. Қазіргілерге ащы сын емес, мақтап отырсаң жағасың. Әдемі ақ бата беріп отырған сияқты жұмсақ сөз ұнайды. Ал, мен жақпаймын. Неге жақпай отырғанымды өзің де біліп отырсың. Қазақтың өз  марқасқасын өзі мойындамайтынын айтып, «Сегізсеріні» кітап етіп жаздым. Бірақ, ол кімге керек білмеймін. Ұғатын құлақ болса кезінде жазған «Афинаның мектебі» деген кітабымда бәрін айтқанмын. Жауларым көп. Құртқысы келеді. Құртатыны – білмеу. Баяғыда жоңғарлардың қолына түскен бір бала аттың қу басын құшақтап: «Сені тұлпардың басы деп кім айтады, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтады» деп зар жылап отырыпты дейтін аңыз бар. Сол баланы жоңғарлар тауып алып ат сынатып, ат бақтырады. Жалғыз-ақ күнде ең жүйрік тұлпарды мініп, жұлдызша ағып еліне келеді. Менің «жоңғарым да»,  «қазағым да жоқ».

Сөзіңіздің соңында не айтасыз?

– Бриллианд деген жылтырақ тас бар. Былай қарасаң жай ғана тас. Қырласаң қымбат бағалы асыл. Біздің әдебитетіміз бен тарихымызға да сондай қыр керек. Әр халық, әр тарих өз шындығын табу керек. Қазақ тарихы да өз арнасын табу керек. Бірімізді біріміз көтерсек, қазақты көтереміз. Қазақты көтеріп халқымыздың төрт құбыласын түгендегенде ғана ақ жұлдызымыз туады.

 

Әңгімелескен Жәй ҚАЗАҚ