Алматы облысындағы су тасқыны: 1 мың адам эвакуацияланды
2018 ж. 28 ақпан
5377
0
Алматы облысында жауын-шашын мен еріген қар суы күре жолдар арқылы тасып, үйлерді басуда. Бір мың адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 27 ақпан күні су басу қаупіне байланысты Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында 250 үйден 1 мың адам эвакуацияланды. Халықты қауіпсіз жерге көшірумен жергілікті атқарушы орган (25 жұмысшы, 7 техника), Төтенше жағдайлар департаменті (17 қызметкер, 3 техника), «Қазселқорғаныс» мемлекеттік басқармасы (4 қызметкер, 1 техника) және аудандық Ішкі істер бөлімі (18 қызметкер, 6 техника) айналысты. «7 автобус жұмылдырылды, Талғар қаласында эвакуациялық пункттер дайындалды (№13 және 31 мектептер, Экономикалық колледж, Медициналық колледж). 28 ақпан күні сағат 00.45-те эвакуациялық шаралар аяқталды», - делінген ТЖД ақпаратында.
Атап өтілгендей, ауыл тұрғындары туыс-туғандарына кетті. Сондай-ақ ТЖД ақпаратына сәйкес, 27 ақпан күні республикалық маңызы бар 6 күре жол арқылы су тасыған. Қозғалыс шектелмеген. Қазіргі уақытта «Қазақавтожол» РМК суды бұру және құбырлы өткелдерді тазалау жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтқанда, су тасқынының салдарын жою жұмыстары Жамбыл ауданы, «Алматы-Ташкент» республикалық маңызы бар тасжолының 134-шақырымында, Еңбекшіқазақ ауданы, «Алматы-Көкпек-Көктал» республикалық автожолының 30-шақырымында, Талғар ауданы, «Алматы-Талғар» республикалық автомобиль жолының 64-шақырымында, Қарасай ауданы, «Алматы-Жандосов» республикалық тасжолының 22, 25 және 43-інші шақырым аралықтарында жүргізілуде. Бұған дейін хабарлағанымыздай, су тасқынына байланысты Жамбыл ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Алматы облыстық ТЖД-дан мәлім еткендей, ауданның Қайназар ауылында төрт көшедегі 50 үйді су алды. Сондай-ақ 27 ақпан, кешкі сағат 18:15-тегі жағдай бойынша Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы Баспана көшесінде 100 ауланы су басты. Бұдан бөлек, сағат 19:32-дегі жағдай бойынша Талғар ауданы Талғар қаласының Қонаев көшесінде орналасқан жер үй толығымен қирады. Зардап шеккендер жоқ. Үйдің тұрғындары туыстарына орналастырылды. «Су тасқыны болған жерлерге төтенше жағдай қызметкерлері мен техникалары жіберілді», - делінген ТЖД ақпаратында.