Қылшық шыққан фаршқа қатысты супермаркет түсініктеме берді (ВИДЕО)
2018 ж. 14 ақпан
2675
2
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде малдың жүні аралас фарштың видеосы тарап жүр. Бейнебаянның авторы ол фаршты Степногорск қаласындағы «SMALL» супермаркетінен сатып алғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін ақпанның 9-ы, «SMALL»-дан фарш алдық, манты істедік. Сол фарштан істеген кезде көрген жоқпын, жейтін кезде, міне, қылшықтар көрініп тұр ма? Малдың жүні, бұл - сиырдың тартылған еті. Мынаның іші -толған шаш. Стпеногорск қаласындағы «SMALL»-дан сатып алдық. Сұмдық! Үлкендер жеп алдық, балалар қайта жеген жоқ. Жаңа кішкене қалған бір фаршты қарасам, ішінде дәп-дәкөй шаш жүр ғой. Сондықтан «SMALL»-дан сиыр етінен тартылған етті мүлдем алмаңыздар», - дейді видеоның авторы.
ҚазАқпарат тілшісі Степногорск қаласындағы «SMALL» супермаркетінің басшылығына хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. «Скиф Трэйд» ЖШС солтүстік аймақ бойынша директоры Гүлнұр Батырханованың айтуынша, супермаркетте ет өнімдері сатылмайды.
«Біз ет өнімдерін мүлдем сатпаймыз. Фарш та, ет те кассадан өтпейді. Біз өз орнымызды жалға алып отырмыз. Тура жанымызда етті сатады. Бірақ олардың бізге ешбір қатысы жоқ. Кассаларымыз салық органдарына қосылған. Сол арқылы тексеріп көрсеңіз де болады. Бізде ет өнімдері саудаланбайды. Оны мүлдем басқа кәсіпкерлер сатады. Мен олардың атын да айта аламын. Ол - жеке кәсіпкер «Сағынаева». Барлық сұрақтарды соған қою қажет», - деді Г.Батырханова.