Мектептерде оқушылардан ақша жинауға заң да тосқауыл емес. Алматы облысы Саймасай ауылында ақшаларымен қоса, шыдамдары да таусылған ата-аналар бүгін шу шығарды. Бала оқытудан бұрын, мектеп қорының қамын ойлайтын мекеме жарты ғасырдай жөндеу көрмеген. Сондықтан оқушылар қыс бойы бүрсең қағып отыр.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.Мектепке ақша жинаудан шаршаған ата-аналар шу шығарды
2018 ж. 07 ақпан
5864
8
Жұрттың "заңсыздық жайлаған" дегені осы мектеп. Мұнда, әсіресе, ата-анадан ақша жинау қанға сіңген қасиетке айналыпты. Өйткені, тиын тұратын бордан бастап, қажетсіз журналдар үшін де қаржы сұратады екен.
Светлана Лаврова, Саймасай ауылының тұрғыны:
- Бір сыныпқа 2 жарым мың теңгенің 8 журналын сатып алуға бұйрық келді. Амалсыз көндік. Өйткені, ақшаны біз бермесек, баламыздың сынып жетекшісінің өзі төлер еді.
Яғни, мұғалімдер де басшының бабын табамыз деп заңсыздыққа баратын көрінеді. Жұрт мұндай жағдай қазіргі директор келген 5 жылдан бері созылып келе жатыр дейді. Ал, Саймасайдың кейбір тұрғындары Үкіметке өкпелі. Айтуларынша, мектепті мемлекет түгелдей қаржыландырып отырған жоқ. Өйткені, мұнда оқулықтың өзі тапшы. Тегін кітап көбінің түсіне ғана кірген.
Әміркүл Ақылова, Саймасай ауылының тұрғыны:
- Жеткіліксіз кітап береді. Бір кітапханада 5-ақ кітап. Бір класта 30-20 оқушы. Неге жағдай жасамайды?
- Түрлі қажеттілікке деп теңге жиналса да, мектептегі жағдай ешқашан жақсарған емес дейді ашынған ата-аналар. 45 жылдық тарихы бар білім ошағы сол 45 жылда дұрыс жөндеу көрмепті. Қазір нысанның едендері тесіліп, терезелері сынып тұр. Оны қолдарынан келгенше жамап қойған.
Ал, дене шынықтыру сабағы өтетін спортзалы мынау. Іші даладан да суық. Бұл жерден пән мұғалімінің өзі де қатты тоңса керек, қабат-қабат киініп алыпты. Осының бәріне көз жұмып келген ата-аналардың шыдамы шегіне жеткен. Олар бүгін шындықты айтамыз деп, ұстаздармен қырқысып қалды. Сөйтіп, білім ошағындағы сабақ кестесі де бұзылды. Тек бүгін мұғалімдер басшысын жақтап әлек. Директор де ешкімнен ақша сұраған емеспін деп ақталды.
Ләззат Нұрмаханова, мектеп директоры:
- Мектептің қоры жоқ. Біздер ешқандай ақша жинамаймыз. Бәрі Үкімет беріп отыр. Борды да беріп отыр, бәрін Үкімет беріп отыр.
Десе де, ата-аналар тілшілер жоқ кездегі әңгіме мүлдем басқа дейді. Сондықтан, аты дардай Ахмет Байтұрсыновтың аты берілген мектептегі заңсыздықтың қашан тыйылары белгісіз. Мәселе ашық күйде қалды. Бір анығы, тозығы жеткен нысан жазда жөнделмек.