Өскеменде 706 көшенің 12 пайызы ғана қазақша
2018 ж. 31 қаңтар
5765
14
Тәуелсіздік алған 27 жылда 19 көшенің аты өзгеріпті
Осыдан 8 жыл бұрын белгілі ақын Қазыбек Иса "Өскемен қай елдің қаласы? 707 көшенің 2 пайызы ғана қазақша" атты мақала жазып, ол қоғам ішінде үлкен резонанс тудырған еді. Аталмыш мақала кейіннен Ашық хат ретінде ел талқысына шығарылып, хатқа қазақтың бар зиялы қауым өкілдері қол қойған еді. Содан бері 8 жыл өтсе де, Қазыбек Исаның мақаласы әлі өзектілігін жоғалтпады. Қазақ көшелерінің 2 пайызды құраған атауы 12 пайызға әрең жетті. Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері Өскемендегі 700-ден астам көшенің 19 ғана қазақшаланған екен. Бұл Елбасының "Рухани жаңғыруына" кереғар көрсеткіш деп білеміз. Жақында Өскемен қаласында тұратын журналист Мұратхан Кенжеханұлының осы тақырыпты қамтыған келелі мақаласы "Дидар" газетінің ресми сайтында жарияланған еді. Біз өзекті тақырыпты "Қазақ үні" ұлттық порталының оқырмандары назарына ұсынуды жөн санадық.
Өскемен – шығыстың бас шаһары, облыстың айнасы. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» деп жатушы еді айтқыштар. Айнадан көрген ақтаңдақ дүниелерді тізбелейік, мүмкін қисықты түзетер тез табылар.
Шәкәрім шеттеп қалды Өткен жылы бүкіл қазақ елі рухани жаңғырды. Біздің өңір де қал-қадірінше қарекет қылды. Әсіресе, Ертістің сол жағалауындағы аудандар ұлттың ұпайын түгендеу жолында аттан түскен жоқ. Ол жөнінде бұған дейінгі мақаламызда баяндаған едік. Ал әлі күнге Елбасының мақаласына орай тұяқ қимылдатпай отырған аудан, қалалар бар. Оларды ат сабылтып әріден іздемей-ақ, Өскемен қаласын тілге тиек етсек жетіп жатыр.
Өткен жылды көрші отырған Павлодар облысы еңсе тіктер ерекше қуанышпен түйіндеді. Қаланы қақ жарған Мирзоян көшесіне Астананың атын алып берді. Демек, жеткіншек ұрпақ Астанасында алшаңдай басады деген сөз. Ал біздің облыс орталығы ондай дүниеге келгенде доңыз айбатын сыртына салып шыға келеді.
Шәкәрімнен Ворошилов артық па?
2008 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық тойы өңірде кең көлемде аталып өткенін көзіқарақты жұрт ұмытқан жоқ. Сол дүбірлі тойда айтыскер ақындар мен ақсақалдар Ворошилов көшесін әйгілі тұлғаның есімімен атауға ұсыныс тастады. БАҚ қолдады. Жергілікті билік те бұл мәселені жерге тастамайтынын айтып сендірген еді. Артынан «анау болды, мынау болды» деп бірнеше жыл өткенде көше атаулары мен жер су аттарын өзгертуге мораторий жарияланды. Биыл ақынның 160 жылдық тойына орай әлгі жұмыстың жай-күйін ұғыстық. Жауабы былай болды: «Өскемен қалалық мәслихатының бірлескен шешімімен және Өскемен қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 28 маусымдағы «Көшелерді атау туралы» қаулысымен Өскемен қаласының 22 тұрғын ауданының атаусыз көшесіне Ш.Құдайбердиевтің аты берілген.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 қазандағы №637 қаулысымен Өскемен қаласы әкімдігінің «№1 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Шәкәрімнің есімі берілді».
Сонда деймін-ау, артында ұшан теңіз мұра қалдырған, ұлттың ойшыл ұлына көрсеткен сыйымыз, құрметіміз қаланың қиыр шетіндегі көше болды ма?
Абайдың сара жолын жалғаған саңлаққа Абай даңғылымен қиылысатын бір көшені қимағанымыз өкінішті енді. Алаш деп атылған ардақтының тәуелсіз Өскеменге қадірі болмағаны қынжылтады кісіні.
Көше демекші, Өскеменде 706 көше бар екен. Сіз сенсеңіз де, сенбесеңіз де осының 82-сі ғана қазақ ұлтының өкілдеріне берілген. Бұл бар болғаны 12 пайызы.
Қала жан санының жартысына жуығы қаракөздеріміз екенін ескерсеңіз, жылағыңыз келеді бұл көрсеткішке. Оның үстіне қазақ өкілдерінің есімімен аталатын көшелердің көбі тұрғындарынан басқалардың табаны тие бермейтін сырт жақта. Жаңағы Шәкәрімдер «қуылған» ықшамаудандарда.
Сіз мүмкін «Тәуелсіздіктен кейін талай көшені өзгерттік қой» деп уәж айтуыңыз мүмкін. Оған да жауап бере кетейік.
Иә, Тәуелсіздік алған 27 жылда 19 көшенің аты өзгеріпті.
Өскеменде Ұлт көсеміне орын жоқ па?
Құдайым-ау, біздің бойкүйез жұрт бір жылда бір көшені өзгертіп отыруға мұршасы келмеген ғой сонда. Басқасын қойғанда өткен жылы ғасыр тойын тойлаған Алашорданың арыстарына Өскеменнің бір шолақ көшесін қимадық. Көше дейміз-ау, дұрыстап тойын да атап өтпедік. Әйтпесе бір жарым ғасырға жеткен Әлихан Бөкейхановпен бір көше аталса ешкімнің тақиясына тар келмес еді.
Өткен жылы 80-ге толған Серік Ғабдуллинді де ұмыт қалдырмаса керек еді бұл Өскемен. Осы қаланың құрметті азаматы, ғұмырын өңір руханиятына арнаған аяулы ақын өмірінің соңын Виноградов көшесінде өткізді. Виногрдов мейлі кім болса да, бұл қалаға Серіктей еңбегі сіңбегені белгілі. Қазақтың қабырғалы жазушысы Қалихан Ысқақов пен Дидахмет Әшімханов та жат емес бұл қалаға. Қазақтың «хан апасы» Қанипа Бітібаеваны ұмыт қалдыру тарихқа қиянат енді. «Өскеменім, қашан сенен қазақы от көремін» деп өткен жасын ғұмыр Рүстем Есдәулетовтің де өткен жылы 40 жасына қырын қарап өткізіп жібердік. Өмірден қайтқанына бес жылдан асқан дара талант Өскемен руханияты жолында өмірін қиғанын біз ұмытқамыз жоқ. Алтайын Алатауға айырбастамай өткен тағы бір тау талант Ғалым Байбатыровқа да бір көше көптік етпесі анық. Шығыстағы жазушыларда Мүсілім Құмарбекұлынан асыра жазған қаламгер көрмедік. Ол кісінің де биыл 80 жылдық мерейтойы екенін ескерсек екен. Егер барын бағалай білетін жұрт болса, аталған тұлғаларды әлдеқашан даңқ тұғырына қондырар еді.
Ұлыларымыздың Трактор құрлы құны жоқ па?
«Ештен кеш жақсы» демекші, бүкіл жұрттың санасын сілкіндіріп жатқан рухани жаңғыру тұсында аталмыш азаматтар ескерілсе, ел қуанар еді. Өскемен көшелерін асықпай аралаған жан бұл қала келмеске кеткен Кеңес үкіметін әлі қимай жүр ме деген ойда қалары хақ. Әйтпесе Орджоникидзе, Дзержинский, Киров сынды лениншілер әлі салтанат құрып тұрмас еді. Питер Коммунарлары, бүкіл қонақтар тоқтайтын темір жол бекеті тұрған Лениногорская деген көшелер тәуелсіз қазақ елінің қай күніне қажет?! Саяси мәні кеткен Комсомол көшесінің әлі күнге өзгеріссіз тұрғаны күлкіңді келтіреді.
Жаңағы қазақтың дара тұлғаларына Паровоз, Трактор деген көшелерді де қимай отырмыз.
Айта берсек, бұл тізімге көптеген көшелер кіреді. Біз бірақ бүкіл көше қазақилануы керек деген жалаң ұлтшылдық ұран көтеріп отырғанымыз жоқ. Адамзатқа ортақ Пушкин сынды ақындар әрине, керек. Ал қазаққа опа салмаған кейбір адамдардың тәуелсіздік тұсында да тағынан таймай тұрғаны ойланарлық жайт емес пе?!
Айтпақшы облыс орталығында жуықта осы көшелерге байланысты тағы бір жаңалық пайда болды. Жаңалық болғанда кісі қуантар емес, елдің ашуын туғызар жайт. Қаладағы қаракөздердің көз қуанышы болған «Тәуелсіздік даңғылы» деген сөзді үш тілде жазып, тақтайшаларын іліп жатыр. «Онда тұрған не бар?» деуіңіз мүмкін. Ештеңе жоқ қой, бірақ сол әуелі қазақ тілімен жазылған тақтайшадағы көше атауының ағылшынша нұсқасы да «Независимость» деген орысша аудармасын қайталап тұр. Негізі бір тілде тұрса да түсінікті еді ғой. Қай ата-бабамыз атауды аударып еді?!
Ұлт батыры Қасым Қайсенов жанармай құю бекетін күзетіп тұр...
Анау бір жылдары Өскемен де рухани жаңғырған. Шаһардың жүрегінен Абай орын алып, қала қақпасына Қабанбай батыр келгенде қуаныштан тымағын аспанға атпаған қазақ қалмады. «Иә, сәт!» деп қуанған жұрт одан кейін мұндай жағымды дүниелерге сирек көзайым болып жүр. Жеңіс даңғылының бойынан орын алған Қасым Қайсеновтің бюсті де ел еңсесін онша көтеріп тұрған жоқ. Жанармай құю стансасының ауласында тұрған әйгілі батырға қасында тұрған Кировтың бақытын қимадық. Бас-аяғы тайшаптырым аумақтағы Жастар саябағында жастарға үлгі болып тұрған Киров, ЖҚС-ны күзетіп тұрған хас батырға иегінің астынан мысқылмен қарайды.
Бір жылдары Ленинді қидай сыпырған біздің билік Ушановқа неге тісі батпай қойғанына таңғаласың. Анау-мынау емес, Тәуелсіздік даңғылында мызғымай тұрғаны түсініксіз. Оның қазақ Тәуелсіздігіне қатысы қанша?!
Жауап беретін біреу бар ма?! Айта берсек сөз көп. Өткен жылдың өкінішінің орнын ит жылы толтырар деп үміттенейік. Облыс орталғы рухани жаңғырса, басқа аудандар бағдарынан жаңылмас еді.
Мұратхан Кенжеханұлы, Қазақ үні