Астанада мектеп мұғалімдері оқушы қыздарға секс туралы парақша таратқан (ФОТО)
2018 ж. 20 қаңтар
17045
13
Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ата-аналар тарапынан ашу туғызған, 9-11-сынып оқушыларына таратылған секс туралы үнпараққа қатысты істің мән-жайы белгілі болды.
Facebook қолданушысы Гүлбану Әбенованың жазбасы негізінде kaz.365info.kz «Мектеп қыздарға сексті неге уағыздайды?» атты мақала жарияланған еді.
Ол әлеуметтік желідегілердің қатты алаңдаушылығын туғызды.
Көпшілік масқара парақшаның қай қалада таратылғанын білгісі келіп әуре болды. Онда айтайық. Ол Астана қаласы екен, - деп жазады портал тілшісі.
Мұны желіге дәлел келтірген ата-ана емес, оған лезде жауап берген қалалық білім департаменті айғақтады.
Ең бірінші боп, Гүлбану Әбенованың жазбасына осы, яғни мүшеқап туралы парақшаны жасап шығарушылар үн қатты, одан соң іле шала білім департаментінен де жауап келіп жетті.
Мүшеқап туралы үнпарақша мектепке арналмаған
Автор жазбасының астына Килыбаева Меруерт деген ханым:
„Мұны қайдан алдыңыздар? Біз бұл буклетті жасап шығарған едік.
Бірақ ол мектепке арналмаған. Бұл медицина саласындағы қызметкерлерге ұсынылған„
деп жазды.
„Қалай сонда? Демек, оның мәнісіне ешкім мән бермей, балаларға тарата салуды жөн көрген ғой. Оны кәмелет жасқа толмағандарға тарату үшін, ең құрымағанда балалар психологынан алдын ала рұқсат алу керек емес пе? Ендеше медиктерге арналған нәрсені балаларға таратқандары үшін жаза кесілуі керек. Қалай ойлайсыздар?„ деп жазды жазба авторы.
Көпке ұзамады, жазаланатындар табылды. Сөйтсек, білім департаментіндегілер бұл ақпараттың анық-қанығын аз уақыт ішінде анықтап үлгеріпті.
Бәрін анықтадық…
„Жыл сайын Денсаулық басқармасы, Салауатты өмір салтын құру орталығы „Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті саулығы„ деген тақырыпта арнайы дәріс оқып, семинарлар өткізіп, жекелей кездесулер ұйымдастырады. Осындай шараларда дәрігерлер жүктіліктің алдын алу, репродуктивтік қалыпты сақтау қажеттігі, жүктілікке қарсы дәрілер және оның залалдары туралы үнпарақшалар таратады. Міне, осындай жиын ұлдардан бөлек қыздарға да өткізілуі мүмкін.
Ал оқушыларға ұсынылған Сіздегі парақшалар отбасын жоспарлау кабинетіне арнайы әзірленген, ол мектеп оқушыларына таратуға лайықтап жасалмаған. Сондықтан ол мектептің басшылығына қатаң ескерту жарияланды.
Өйткені олар алдын ала келісілмеген, рұқсат беріп, нақтыланбаған нәрсені таратқан.
Сол секілді Астана қаласының білім басқармасы Салауатты өмір салтын құру орталығы қызметкерлеріне де ескерту жолдады. Қандай да бір шара өткізіп, үнпарақшалар тарататын болса, оның сол ортаның жасы ерекшелігіне сай болғанын қадағаласа дедік„ деп жазды Астана қалалық білім басқармасының өкілі Әнуар Жанғозин.
Дереккөз: kaz.365info.kz