ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАҢАША КЕЗЕҢ
2017 ж. 30 қараша
4644
0
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында: «Мәңгілік Қазақстан» жобасы – ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деген болатын. Бұл орайда елді елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология – «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы біз үшін болашағымызға бағдар болатын, ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін бағдар болып отыр.
Мәңгілік Ел отандастарымыздың бас біріктіретін ұраны. Онда қазақ елінің ғасырлар бойы тәуелсіздік жолындағы күрес тарихы жатыр. Осының арқасында біз қазіргі ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында өзіндік үні бар, асқаралы арманы бар елге айналдық.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда.
Мәңгілік елдің мәңгілік сөзі болады. Бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі – ана тіліміз. Өз ана тілінде тіл қатпау – бақытсыздық екенін орыс тілді ағайындарымыз біле берер ме екен. Халқымыздың өзімен бірге жасап келе жатқан тілі – мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Келешекте қазақстандықтар тек мемлекеттік тілде сөйлейтін күн де алыс емес. Ол үшін мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру барысын құзырлы өкілетті органдар мен әкімшіліктер қадағалауда.
Атап айтқанда, «Мәңгілік Елдің» жеті қағидасы біздің дамуымыздың құндылықтарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды. Олар: Қазақстан мен Астананың тәуелсіздігі; ұлттық бірлік, біздің қоғамымыздағы бітім мен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханилық; индустрияландыру мен инновациялар негізіндегі экономикалық өсім, Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, ұлттық қауіпсіздік пен біздің еліміздің жалпы әлемдік және өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық атсалысуы.
«Мәңгілік Ел» мұратына жету ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының көрінісі арқылы жүзеге асатындықтан да Ұлт көшбасшысының халықтың үш буынына үн қатуы – кешегі тарих қойнауындағы бабалар үнін тағы да жаңғыртқандай әсер қалдырды. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі – осы мемлекет құрушы, жалпы ұлттық құндылықтарда жатыр.
Ықылым заманнан бері Ұлы Дала елінде мекен еткен көшпелі ата-бабаларымыздан өшпестей тасқа жазылып қалған петроглифтер соның заңды айғағы. Алысқа бармай-ақ, Жетісу жеріндегі Таңбалы тас осының дәлелі. «Таңбалы» мәдени-тарихи қорық мұражайында түркі дәуірінің ту ұстаған атты адам бейнесі кездеседі. Ол ұзақ жылдар «Қазақстан» телеарнасының логотипі болып келді. «Таңбалы» қола дәуірінен түркі дәуіріне дейінгі бабалардың «Мәңгі Ел» орнату жолы бейнеленген рәміздер жүйесі деуге болады.
Жартастағы бөрілі байрақ көтерген, ту желбіреткен салт атты бір топ жауынгерлер елдіктің, ерліктің, Отан үшін күресін жас ұрпаққа паш етіп тұрғандай.
Ана тілімізді латын қарпіне көшіруді ұлт көшбасшысы, Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отырғанын баса айтты. Өйткені, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал, ең көп қолданылатын жазулардың бірі болып саналады. Мәселен, әлемнің 100-ден аса мемлекеті латын әліпбиін қолданса, жаһандағы өзекті ақпараттардың 70 пайызы осы әліпбимен беріледі екен. Соған орай, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуге байланысты кітапхана ұжымы дайындық жүргізуде. Осы орайда жуырда ғана «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» мемлекеттік мекемесінде А.Байтұрсынов атындағы тіл-білімі институты, ҚР Ұлттық Кітап палатасы, ҚР Ұлттық кітапханасы, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, ғалымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Л.Брайль нүктелі-бедерлі шрифтімен қазақ тілінің латын әліпбиіне біртіндеп өтуі» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өткіздік. Қазіргі кезде «Қазақ соқырлар қоғамы» және облыстардағы зағип жандарға арналған арнайы кітапханалармен бірлесіп жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы болашақта А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді оқыту орталығымен бірлесіп жұмыс істемек.
Біздің оқырмандар Л.Брайль нүктелі-бедерлі қарпіндегі басылымдарды пайдаланатын ерекше жандар. Әрине, тарихи-мәдени, әдеби құндылықтарды сақтайтын, оны оқырманына жеткізетін, өздеріңіз білесіздер, ол – кітапхана. Кітапхана қоғамда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарай алмайды. Солардың бәріне атсалысып, бел ортасында жүріп, рухани құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, өз пайдаланушыларына жеткізеді.
ХХІ ғасыр – қарыштап даму дәуірі. Біз өмір сүріп жатқан қоғам өзгерістерге толы кезең. Елбасының: «Эпицентр мира», «Қазақстан жолы», «Стратегия-2050», «100 нақты қадам», М.Қасымбековтің «Первый. Очерки о президенте РК»; қазақ және орыс тілінде жылдағы Жолдаулар мен ҚР Конституциясы, қазақ тілінде Ш.Күмісбаевтың «Қайсар бала» атты басылымдары Л.Брайль нүктелі-бедерлі қарпінде басылып, оқырмандарымызға дер кезінде жетіп отыр. Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, жылдағы Жолдаулары, «Мәңгілік Ел» идеяларын пайдаланушыларымызға түсіндіріп, насихаттап, өз жұмысымызға қолданып, әр түрлі көпшілік-мәдени іс-шаралар өткіземіз.
Атап айтсақ, биылғы жылы «Мұқағали оқулары», Алаштың 100 жылдығына арналған «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты әдеби-сазды кеш, «Абай оқулары» фестивалі, түрлі тақырыптарда дауыстап оқу сағаттары, «Ақ таяқ» байқауын, «Ашық есік» күндерін, облыстан талантты зағип ақындарды шақырып, олардың шығармашылық кештерін өткіздік. Олардың шығармаларын оқырмандарға насихаттау үшін Алматы төріндегі біздің кітапхана осындай өнегелі кештерді өткізу орнына айналды. Қазіргі кезде бізде зағип жандарды кітапханаға тарту мақсатында түрлі әдеби-сазды кештер, кездесулер ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Олармен шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарының жарысын, «Спортта шекара жоқ» атты зағип веломарафоншылар командасымен кездесу кештерін өткіздік.
Үстіміздегі жылы сәуір айында «Қазақстан – ашық мүмкіндіктер елі» атты халықаралық семинар өткіздік. Оған Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттердің зағип жандарға арналған кітапхана қызметкерлері қатысып, іс-тәжірибе алмастық. «Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымы семинарды жүргізуге атсалысты. Ал «Көмектес» көз мүгедектігі қоғамдық қайырымдылық қорымен бірлесіп жыл сайын түрлі ұлт өкілдерінің зағип жандар арасында «Менің елім» атты қазақ әндерін орындаудан байқау өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы байқауға 9-дан аса ұлт өкілдері қатысты. Сонымен қатар, «Қазақ соқырлар қоғамымен» жыл сайын «Ақ таяқ» байқауын ұйымдастырамыз. Ол Л.Брайль жүйесі бойынша оқу, Қазақстан Республикасының монеталарын, түрлі бедерлі-графикалық құралдарды сипап-сезу арқылы анықтау номинациялары бойынша өткізіледі. Демек, кітапхана зағип жандардың шығармашылық орталығына айналған десек, қателеспейміз. Себебі, бұл жерде инфрақұрылым дамыған, көбісі осы аумақта тұрады. Мәдени-көпшілік демалыс орындарына баруға оларға транспорт қажет. Сондықтан, барлық мәдени-көпшілік шаралар кітапханада өтеді.
Алға қойған мақсат айқын. Ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана – Мәңгілік Ел көшін жалғастыра алады. Мәңгілік Ел аманат болып бізге жетсе, оны келешекке арнау үшін біз бүгін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып жатырмыз.
Ерлік ӘЛІМҚҰЛОВ,
Республикалық Зағип және нашар көретін жандарға арналған кітапхана
директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, өнертанушы
qazaquni.kz