Зейнетақы жинағы мерзімінен бұрын берілмейді
2017 ж. 30 қараша
2738
0
Елімізде зейнетақы жинағы мерзімінен бұрын берілмейтін болды. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
«Әлемде кейбір елдерде ондай тәжірибе бар. Бірақ, ол елдерде жинақ көлемі жоғары. Мәселен, Сингапурда зейнетақы салымы жалақының 40%-ын құрайды. Егер, Қазақстанда да сондай жағдай болса, онда ақшаны алудың жөні бар», – деді Нұрбүбі Наурызбаева.
БЖЗҚ басқарма төрайымының айтуынша, қазақстандықтардың орташа салымы 1 млн. теңгені құрайды.
«Бұл қаржы бәрін қамтуға жетпейді. Қазір азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерде 72 жас, әйелдерде – 76 жас. Кей аймақтарда одан да көп өмір сүреді. Елестетіп көріңіз, 1 млн. теңге зейнеткердің қанша жасына дейін жетеді? Сондай-ақ, 39 жасқа толмаған азаматтар шоғырландырылған зейнетақыны алмайды. Оларға тек базалық зейнетақы мен өздерінің жинаған сомасы беріледі. Осыны ескере отырып, зейнетақы салымын зейнеткерлікке шықпай тұрып басқа мақсатта алу туралы айтудың өзі дұрыс емес деп санаймын», – деді Н.Наурызбаева.
Анығырақ айтқанда, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, салымшыларының қартайған кезде қаржылық қиындық көрмегенін құптайды.
«Иә, бұл мәселе талқыланып жатыр. Бірақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл сұраққа байланысты әзірге қандай да бір ұсыныс енгізуден бас тартып отыр», – деді ол.
Енді жаңа жылдан бастап зейнет жасына жеткен азаматтар өздерінің жинағын бірден шешіп ала алмайды.
ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамасына енгізілген өзгертулерге сәйкес, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап зейнет жасына жеткен қазақстандықтар ақшасын бұрынғыдай бірден емес, ай сайын алып отыратын болады.
qazaquni.kz