АСТАНА – СПОРТ ҚАЛАСЫ
2017 ж. 17 қараша
5881
0
Газетіміздің алдыңғы сандарында еліміздің денешынықтыру және спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан Алматыдағы алып спорт нысандары туралы сөз еткенбіз. Бұл көзіқарақты оқырманның ойында деген үміттеміз. «Спорт – саулық кепілі» десек, оны айнымас серігі еткен жандар салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізіп қана қоймай, өз денсаулықтарының мықты болуына жол ашпақ. Саламатты Қазақстанға қарай нық қадам басқан еліміздің түкпір-түкпірінде спортпен айналысушылар саны күн санап артып келе жатқаны белгілі. Осынау көшті бастап тұрған еліміздің жүрегі саналатын Елордамыз екенін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Әсем Астанада денешынықтыру және спортпен тұрақты айналысатындардың қатары екі есе өсіп, бүгінде олардың саны 159 318 адамды құрап отыр. Бұл өз кезегінде «Астана – спорт қаласы» деген сөзді одан әрі дәлелдей түспек. Ендігі жерде біз, Астана жұртшылығының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына мүмкіндік туғызып отырған спорт кешендері туралы сөз етпекпіз.
«АСТАНА АРЕНА» – ӘЛЕМДЕГІ ҚОЗҒАЛМАЛЫ ШАТЫРЛЫ АЙРЫҚША ҒИМАРАТ
«Астана Аренаның» – еліміздің бас қаласы Астанада орналасқан ең ірі стадион екені көпке мәлім. Осынау алып ғимарат Астана көркін ажарландыра түсті. Әрі әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған әсем Астанамыздағы ең басты спорт нысаны екендігін әр қазақ мақтанышпен айтуға тұрарлық. Анадайдан менмұндалап көрініп тұратын айрықша ғимарат 30 000 көрерменге арналып салынған. Стадионның басты ерекшелігі – әлемдегі қозғалмалы шатыры бар алты стадионның құрамына кіретіндігінде.
Стадион бастапқыда, ресми ашылу күнінде қазақтың атақты күрескері Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне Қажымұқан Стадионы деп аталған-ды. Кейінірек стадион «Астана Арена» атауын алды. Стадион әу баста футболға бағытталса, кейін көпшіліктің сүйікті спорт түрлеріне, соның ішінде күрес, дзюдо және бокс, басқа да спорт іс-шараларға лайықталды. Аренаның 33 000 орындық екі деңгейлі құрылымы бар. Ірі амфитеатр ретінде ойластырылған: 16 000 орындық төменгі террассалар қоршаған және 17 000 орындық жоғарғы бөлігі бар. Жылжымалы шатыры 20 минутта ашылып-жабылады.
Елорда төрінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер иелерінің басын қосатын, жиылған жұртшылықтың рухани баюына жол ашатын мәдени шаралар жиі өткізілетіндігі ескеріле отырып, аренаның алаңы жасанды және әлемдік деңгейдегі ойындарды және концерттерді өткізуге бейімделген.
«Астана Аренада» 2009 жылдың 3-шілдеде ашылған-ды. Бұл стадиондағы ең бірінші ойыны сол күні «Локомотив»(Астана) пен Қазақстанның жастар құрама командасы арасында өткен-ді. Бұл ойынның төрешісі әйгілі италяндық Пьерлуиджи Коллина болды. Ал доппен алғашқы соққыны Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев орындағаны да еліміздің спорт тарихындағы айрықша құбылыс екендігін атап өтуге тиіспіз. Осы екі командалардың кұрамында, өздерінің ойыншыларымен қатар, қонаққа шақырылған «жұлдыздар да» ойын көрсетті. Қазақстанның жастар құрама командасына – Грузия құрамасының және италяндық «Милан» клубының қорғаушысы Каха Каладзе мен Украин құрамасының шабуылшысы Андрей Шевченко, ал «Локомотив» құрамында – атақты түрік ойыншылар Хасан Шаш және Хакан Шүкур ойнады. Мұның барлығы өз кезегінде сонау бір жылдары ел абыройын асырған сәттер екендігін айтуға тиіспіз.
Қазақстан өз елінде әлемдік спорт шараларын өткізу арқылы атын әлемге танытып жүрген мемлекет. 7-ші Азиада қысқы ойындарының біздің Отанымызда өтуі осы сөзіміздің айқын дәлелі болса керек-ті. Әлем көз тіккен осынау ауқымды шараның салтанатты ашылуының «Астана Аренада» өтуі нысанның абыройын одан әрі асқақтата түсті.
Айбынды Астанамыздың бет-бейнесі саналатын «Астана Аренаның» негізгі сипаттамаларына тереңірек үңілсек нысанның 4 мінбесі бар. Олар: оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс. Ал, сыйымдылығы 30 000 көрермен болса, алаңның өлшемі – 105 х 68 метр. Қақпағы – жасанды болып табылатын сарайдың орындықтары пластиктен жасалған. Аренада қатардағы көрермендерге арналған орынмен қатар арнайы VIP-орындар да бар. Осында өткізілетін түрлі спорттық шараларға қатысатын спортшылар үшін сарайда барлық жағдай жасалған. Киім ауыстыруға арналған 4 бөлмемен қатар, төрешілер бөлмесі жұмыс істейді. Өткізіліп жатқан ауқымды шаралармен әлем халқын хабардар ету үшін журналистер қауымына да қолайлы жағдай жасалған. 100 адамға арналған 4 бірдей Бұқаралық Ақпарат Құралдары бөлмесінің қарқынды жұмыс істеуі осы сөзімізді растай түсері анық. Сонымен қатар, заман талабына сай 2 есеп тақтасы мен жаттығу залдарының жұмыс істеуі кешеннің ауқымын одан әрі кеңейтіп тұр.
«САРЫАРҚА» ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ӘМБЕБАП ВЕЛОТРЕК
Осыдан алты жыл бұрын өз жұмысын бастаған Сарыарқа республикалық велотрегі велошабандоз шлемі түрінде жасалған еліміздегі ең бір ерекше спорт ғимараты. Сондай-ақ, бұл велотрек әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің бірі.
Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан велотректің жалпы ауданы – 44 957 ш.м, мұз сырғанағы – 4188 ш.м. Ал, қазандық бөлмесі – 636,5 ш.м., энергия блогы – 316,4 ш.м. Велотректе: трек, мұз сырғанағы, қонақ үй, мейрамхана, фитнес орталығы, кеңсе бөлмелері, конференц залдары, бокс залы, гимнастика залы, ойын залы және мини футбол алаңдары бар.
Ғимараттың ең басты ерекшелігі – әмбебаптылығында. Атап айтқанда, 2-3 күннің ішінде аренаның қызметін толық өзгерту мүмкіншілігі бар. Қандай да бір іс шараны өткізу қажет болғанда трек ортасының кеңістігі шараның ерекшелігіне байланысты жабдықталады. Бокс рингі, дзюдоға арналған татами, гимнастикалық кілем, баскетбол немесе концерт алаңшасы секілді түрлі кейіпке ене алуы кешеннің айрықша бейнесін айғақтайды. Ағаш жабынымен қапталған трек велотректің тағы бір ерекшелігі. Ал, ағаш түрі – сібір балқарағайы болып табылады. Бұл ағашқа осынау алып ғимарат құрылысына қолданбас бұрын арнайы күтім жасайды. Мәселен, кенепті төсеу үшін барлық ағаштарды алдын-ала 2 жыл арнайы камераларда ұстайды. Сондай-ақ, қалыбы өзгеруден ағашты сақтау үшін арнайы химиялық қоспамен өңделеді. Жабынның ұзындығы – 250 м, ені – 7м. Велошабандоздардың жайлылығы үшін тректің бұрылысында 42 градус және тура телімдерде 12,5 градус еңісі бар. Велотректегі қозғалыс үнемі сағат тіліне қарсы бағытта жүргізіледі. Нысанның сыйымдылығы – 9195 орыннан тұрады.
Велотректің мәжіліс залы 204 орынға ие, ресми баспасөз конференцияларын, брифингтер және ресми жиналыстар өткізуге арналған. Сонымен қатар «Сарыарқа» велотрегінде футболдық мини-алаңдар жұмыс істейді.
Атап айтқанда, Нидерланд жабыны Xtreme Turf Premier N55 екі көршілес мини-футбол алаңдары бар. Алаңның өлшемдері: 20m 2 * болса, ойнату ауданы – 18 м 2 * 36m 2-ді құрайды.
«Сарыарқа» велотрегінде жастардың спортқа баулуға бағытталған көптеген арнайы секциялар жұмыс істейді. «Жұлдыз» Көркем гимнастика мектебі осындай үйірмелердің бірі. 2011-2015 жылдарға «Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамыту бойынша бағдарламаны» іске асыру шеңберінде, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29-қарашадағы №1113 қаулысымен бекітілген 2011-2015 жылдарға Қазақстан Республикасы «Саламатты Қазақстан» Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Астана қаласында «Жұлдыз» Көркем гимнастика мектебі ЖШС ашылды. Аталмыш гимнастика мектебінде: хореографиялық зал, ата-аналар үшін күту залы, фрэш жұмыс істейді. Жаттығу залында төсеніштер, швед қабырғалары, білдектер, киім ілетін бөлмелер, орындықтар және шкафтар орналасқан.
Көркем гимнастиканың не екеніне тоқталар болсақ, бұл тек ептілік, күш және төзімділік қана емес, сондай-ақ гимнастикалық заттарды қолдана білу (шеңбер, доп, шоқпар, лента). Музыка және хореографиямен байланыс орната отырып спортшылардан ырғақ сезімі мен әуенділікті талап етеді. Қозғалыстардың мәнерлілігін жасап, гимнасттарды эстетикалық тәрбиелеуге жәрдемдеседі.
Балалық кезде берілетін жаттығу дағдылары, олардың негізі – гимнастика элементтерін орындау өмірде әрдайым қажет болады. Көркем гимнастика элементтері бар арнайы жаттығуларды орындау балаға өзін сенімді, үйлесімді сезінуге көмектеседі, қабылдау және зияткерлік даму мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осынау алып велотрек өскелең ұрпақты спортың осындай әдемі әрі ерекше түріне баули отырып, өз-өздеріне деген сенімділікті арттыруға септігін тигізуде.
Сондай-ақ, «Сары-Арқа» Республикалық велотрегінде» «Астана» баскетбол клубы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен 2011 жылы мамырда құрылған. Қазіргі таңда, «Астана» баскетбол клубы - Рустам Яргалиев, Антон Пономарев, Всеволод Фадейкин, Егор Бирюлин, Максим Воейков, Дмитрий Климов және Павел Ильин сияқты жетекші қазақстандық ойыншыларды, сондай-ақ Еуропада кең танылған Джери Джонсон, Роул Маршал, Эрик Вильямс, Бранко Цветкович және Лука Дрча сияқты белгілі легионерлерді біріктірген клуб. Клубтың бас бапкері ретінде итальяндық маман Маттео Боничиолли шақырылды, ол 2008 жылы Италияда «Жыл тренері» атанған. Сол жылы итальяндық бапкер «Авеллино» клубымен «Еврочеленджер» кубогын жеңіп алған, ал «Лоттоматика Рома» оның басшылығымен 2010 жылы Еуролига 16-тобына шыққан, міне ол қазақстандық топты да үлкен жеңістерге әкелді. Сонымен қатар, «Сары-Арқада» велоспорт секциясы да қарқынды жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, осынау алып кешенде жұмыс істейтін мәнерлеп сырғанау секциясы, балалардың белсенді әрі конькиде шеберлікпен сырғанауға үйретуде. Мәнерлеп сырғанау – негізгі Олимпиадалық спорт түрлерінің бірі , оның әлемдегі танымалдылығы артып келеді. Бұл тек қана спорт емес, сондай-ақ , әртістік қабілетін дамытуға және денсаулықты шынықтыруға мүмкіндік туғызатын, ішкі дүниесін көрсету өнері. Спорттың осынау түріне машықтанған балалар арасынан болашақта Олимпада чемпиондары шығуы бек мүмкін.
«Сары-Арқа» велотрегінде жұмыс істейтін корей жекпе-жегі –таеквандо секциясы жасөсіпірімдердің денсаулығын нығайтумен қатар, рухани жаттығу және қарусыз өзін-өзі қорғау техникасын меңгеруге септігін тигізуде.
Спорттың осынау түрін үйренген балалар соққы беру, блок жасау, секіруді біліктілікті орындауды меңгеріп, дала жағдаятында шабуылдан өзін қорғауға мүмкіндігі болады. Осы жекпе-жек түрімен жүйелі түрде айналысу мінезін шынықтырып, денесінің жан-жақты дамуына ықпал жасайды.
Сонымен қатар, осынау ғимаратта балалар мини-футбол секциясына жазылу арқылы командалық өзара әрекеттің дағдыларын меңгере алады.
Сары-Арқа» велотрегіндегі өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулуға бағытталған біз жоғарыда атап өткен секциялардың барлығы да Астананың кішкентай тұрғындары үшін жұмыс істейді. Әрі аталмыш секциялардың барлығы да қолжетімді бағада қызмет көрсетеді. Алып кешенде жасөсіпірімдердің спорттың сан алуан түрімен айналысу арқылы дені сау, әрі мықты спортшы атануына таптырмас мүмкіндік. Ендігі жерде Астананың әрбір жасы «Сары-Арқа» велотрегінен табылу арқылы жарқын болашаққа нық қадам басары анық.
Ақтолқын ОРЫСБАЙҚЫЗЫ
qazaquni.kz