Қарағанды облысында шенеунік мүгедектерден пара алып отырған
2017 ж. 23 қараша
2123
1
Қарағанды облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитеті департаментінің №3 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы анықтама жазып беру үшін мүгедектерден 10 мыңнан 200 мың теңгеге дейін тоғыз рет пара алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түрлі жағдайға байланысты мүгедек болған азаматтар №3 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысынан заңды жолмен анықтама ала алмаған, себебі шенеунік кедергі келтірген. Ол мүгедектердің әр құжатына күмән келтіріп, қосымша анықтамалар алып келу керек деген сылтаумен қайтарып жіберген. Азаматтар тек делдал - бөлімнің бас маманы арқылы пара беруге мәжбүр болған, ал бөлім басшысы содан кейін ғана олардың мүгедектігін растап, бұрынғы құжаттарының мерзімін ұзартып отырған.
Мүгедектік туралы құжат рәсімдеу үшін келген азаматтардың бірі пара беру туралы ұсыныстан кейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментіне шағымданған.
«Іс материалдарына сәйкес, параның сомасы 10-200 мың теңге аралығында болған. Ақшаны мүгедек топқа жататын азаматтар берген», - деп хабарлады Жезқазған қалалық сотында.
Соттың үкімімен Қарағанды облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитеті департаментінің №3 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы ҚР ҚК-нің 366-бабы бойынша айыпты деп танылып, 14 млн теңге көлемінде айыппұл салынса, делдал болған бөлім маманына 10 млн теңге айыппұл төлеу жазасы тағайындалған.