Астанада операторсыз ХҚКО ашылады - Дәурен Абаев
2017 ж. 20 қараша
1720
0
Елордада жаңадан ашылатын ХҚКО-да операторлар болмайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақын арада Астанада digital-ХҚКО-ны ашу жоспарланып отыр. Онда операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандырылған режімде алу қарастырылған. Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мемлекеттік қызметтердің жаңа форматына көшудің кезеңі болады. Осы орайда азаматтар қоғамдық пунктер, өзіне қызмет көрсету секторлары мен арнайы стендтердегі планшеттер көмегімен электрондық өтінімдерді береді», - деп түсіндірді министр.
Бүгінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету процестерін одан әрі дамыту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Ең алдымен, «электрондық үкіметтің» және «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметін үйлестіру мен дамыту шаралары ескерілген. «Қазіргі кезде 746 мемлекеттік қызметтің 621-і немесе 83 пайыздан астамын азаматтар мемлекеттік корпорация арқылы алуға қауқарлы. Еліміз бойынша оның 349 фронт-кеңсесі бар. Оларда жұмыс істейтін 22 мыңға жуық қызметкер жыл сайын 34 миллионнан астам қызмет көрсетуде», - деп нақтылады Дәурен Абаев.