АЛМАТЫДА ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2017 ж. 01 қараша
3882
3
Бүгін Алматыдағы «Тұран» университетінде қазақ тілін латын графикасына көшіруді талқылауға арналған қалалық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиын тізгінін ұстаған «Тұран» универсиетінің ректоры Рахман Алшанов. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының Алматыдағы тілшісі хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі қоғамда үлкен рухани серпліліс туғызғандығын айрықша атап өтті.
Басқосуға жиылғандар егеменді еліміздің ертеңі үшін жасалған осынау батыл қадамды қолдап, қуаттай отырып өз ойларын ортаға салды.
Жиын барысында сөз алған саясаттанушы Ерлан Саиров: «Ел Президенті Н.Назарбаевтың барша халықтың ой-пікірі мен ұсыныс тілегіне құлақ аса отырып еліміздің кемел келешегі үшін жасаған бұл шешімі бәрімізді қуантты. Бұған дейін біздің қоғамда латын әліпбиіне өтеміз бе, жоқ па деен мәселелен талқыланып келсе, ендігі жерде латын әліпбиін енгізудің тиімді жолдары әңгіме өзегіне айналмақ. Яғни, пікірталастың өзі интеллектуалдық деңгейге көтеріледі деген сенімдемін. Ол үшін әрне еліміздің көшін бастаған ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлері бұл тұрғыда белсенділік танытады деген ойдамын», – деп өз пікірін білдірді.
Сондай-ақ, Қоғамдық кеңесте Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов латын әліпбиін енгізу жолында қоғамның алдаңдауына ешбір негіздің жоқтығын, жаңа әліпби Елбасының өзі айтқандай кезең-кезеңімен әрі мұқият дайындықпен жүзеге асатындығын атап өтті. Ал, Халықаралық ақпараттық технологиялық университетінің ректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дамир Шыныбеков болса, жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу жолында бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған дәуірінде компьютерлік тұрғыдан қиындықтар туындамайтындығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, жиын аясында өз ойымен бөліскен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Омаров өзі басшылық ететін агенттіктің латын әліпбиіне көшуді бастап кеткендігін айтты.
Қазіргі таңда «ҚазАқпарат» агенттігінің латын әліпбиін қоғамда насихаттау үшін жаңа айдар ашып, бұл бағытта жедел түрде жұмыс жүргізуі – жаңа әліпбиге үйренісуге зор мүмкіндік болмақ. Келешекте осы жолды жалғайтын бұқаралық ақпарат құралдарының саны күн санап арта түсетіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде жаңа әліпбиді тұтастай қоғамның дұрыс қабылдауына септігін тигізбек.
Басқосуда саясаттанушы Айдос Сарым, «Жастар үні» қоғамдық ұйымының төрағасы Дәурен Бабамұратовтардың білдірген көңілге қонымды пікірлері жиылғандар тарапынан қолдау тапты.
P.S: Латын әліпбиіне көшу – рухани тәуелсіздікке бастаған қадам. Бұл басқосуда зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшудің еліміз үшін пайдасы ұшан-теңіз екенін айтты. Алдағы алқалы жиындарда бекітілген жаңа нұқсқаны жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстарды осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалымдар айтып, толықтыра түсері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу мәселесін әу бастан-ақ қолдаған, әрі осы тақырыпта оқырманға ой салар сүбелі дүниелері тұрақты түрде оқырман назарына ұсынып келе жатқан ҚАЗАҚТЫҢ ҮНІ – «ҚАЗАҚ ҮНІ» газеті мен порталы латын әліпбиіне бастаған еліміздің қадамын ілгерілету жолында өз үлесін алдағы уақытта да қоса бермек.
Гүлмира САДЫҚ,
qazaquni.kz