Прокурорлардың мәліметінше, адам органдарын сатуды жарнамалаумен айналысқан сайт шетелде тіркелген екен. Алайда, Қазақстан аумағында оған кіруге еш шектеу қойылмаған. Ал, еліміздің заңнамасына сәйкес, Қазақстанда адам органдарын сатуға қатаң тыйым салынғаны белгілі.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабы бойынша адам органдарын заңсыз саудалағандар қылмыстық жазаға тартылады. Ал, ҚР БАҚ туралы заңының 1-бабы 4 және 5-тармақшаларына сәйкес интернет-ресурс БАҚ-қа жатқызылған. Демек, жоғарыда аталған ақпарат БАҚ өнімі болып есептеледі", - дейді прокурорлар.
Осылайша, Тасқала аудандық сотының шешімімен аталған сайт Қазақстан заңнамаларына қайшы келетін ақпаратты таратқаны үшін бұғатталып отыр.