Латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтеді
2017 ж. 20 қыркүйек
2007
1
Орал қаласында «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің Батыс Қазақстан облыстық коалициясының кезекті отырысы өткізілді. Жиында мемелекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің Бірыңғай стандарты талқыланды.
Сөз басында «Нұр Отан» партиясы БҚОФ төрағасының бірінші орынбасары С.Сүлеймен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ, бұл бастама жұртшылықтың қолдауына ие екеніне тоқталды.
- Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Енді қазақ елі осы шешуші кезеңге келіп жетті. Латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Латын әліпбиіне көшу – Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, тіліміздің болашағы үшін жасалған қадам. Сайып келгенде, латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің қолданыс аясын одан әрі кеңейтіп, қазақ тілін технология тіліне айналдырады, - деді С. Сүлеймен.
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» коалициясының бұл отырысына Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Мыңбева, Батыс Қазақстан облыстық партия филиалдарының төрағалары, белгілі тілші ғалымдар, профессорлар және сарапшы мамандар қатысты.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Хасанов:
-Бізге қазіргі таңда осы компьютерлік жоба тиімдірек. Ертең даму барысында оның кемшіліктері мен пайдалы жақтары шығады. Сол кезде біз тағы да өзгерістер енгізіп, бұл әліпбиді дұрыстай аламыз. Кірме әріптердің барлығынан арылтып, төл дыбыстарға әкеліп қабылдау керек деп ойлаймын.
Жиын соңында ел тұрғындарын жаңа қазақ әліпбиінің қабылдауға қатысуға шақыратын Батыс Қазақстан облысы халқына арналған Үндеуін жариялады.