СҰМДЫҚ! Ақтөбеде зираттар аукцион арқылы сатылған
2017 ж. 20 қыркүйек
3989
8
Ақтөбе іргесіндегі қорымдар жаппай жалға беріліп жатыр. Қазірдің өзінде әкімдік елу зиратты аукцион арқылы жеке компанияның басқаруына берген. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Ал тұрғындар бұған қарсы. Өйткені кәсіпкер бейіт басын таза бизнеске айналдырмақшы. Тіпті марқұмды қара жерге арулап жерлеудің өзіне жүз мыңдай теңге сұраған.
Қурайлы ауылындағы қос қорым тұрғындардың рұқсатынсыз жекенің қолына өткен. Оны мұндағы жұрт әкімдіктің сенімхатын алған компанияның қызметкерлерінен бір-ақ біліпті. Енді адам жерлеу үшін ақша алатындарын естігенде жаппай қарсы шығуда.
“Әкім келді де тендерге қойып сатып жіберген. Халықты сорып мал табу. Біздің талабымыз мына тендерден бәрін босатсын. Қайтадан өзімізге берсін мәйітті”, – дейді тұрғын Нұржан Жанаев.
Ақтөбе іргесіндегі елу қорымды қалалық әкімдік аукционға қойған. Оны жалғыз компания ұтып алыпты. Ал олардың қызметі үшін қойған бағасынан тұрғындар шошып отыр.
Қурайлы ауылының тұрғындары қалтасында ақшасы жоқтары көмілмей қала ма деп қорқады. Өйткені тендер ұтып алған компания жоқ-жұтаңды жерлеуге 20-25 мың теңге, қалғандарына жүз мың теңгедей құн қойыпты. Ал әкімдіктегілер болса қорымды жекеге беруден қазына қаржысы үнемделеді деп ақталуда.
“Қаланың бюджетінен тек қана бір бейітті ұстап тұруға 20-25 миллион қаржы кетеді. Қазір қалалық бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді”, – дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров.
Бір айта кетерлігі, осы күнге дейін әкімдіктегілер қаладағы елу қорымның біреуін ғана қаржыландырып келген. Қалған қырық тоғызының тазалығына бір тиын да бөлінбеген. Сондықтан тұрғындар бейітті бизнеске айналдырмай, бұрынғысынша халықтың қарауына қалдыру керек деп отыр.