Ақтөбе облысында тірідей өртеніп кеткен әкімнің туыстары оқиғаның мән-жайын айтты
2017 ж. 14 қыркүйек
2475
0
Ақтөбе облысында өрттен қаза тапқан ауыл әкімінің туыстары төтенше жағдай кезінде жауапты мекемелердің қамсыз болғанына наразы. Сондай-ақ, олар аудан басшылығы қате ақпарат берді деп отыр. Ал Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімінің орынбасары, қолдан келген көмектің бәрін жасадық, адам өліміне ауа райының тосын мінезі кінәлі, дейді. Бұл туралы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
Айта кетейік, оқиға 4 қыркүйекте Әйтеке би ауданының Сұлукөл ауылы маңында болған. Өрт кезінде ауыл әкімі қызыл жалынның ортасында қалып қаза тапқан еді. Тағы үш адам ауруханада көз жұмған. Ауыл әкімі Батырбек Бірлепесовтің туыстары осы қайғылы жағдайға қатысты бірқатар деректі жайып салды. Айтуларынша, аудан басшылығы мен Төтенше жағдайлар департаменті мамандары дер кезінде әрекет етпеген. Амалы таусылған сұлукөлдіктер қызыл жалынмен өздері күресуге мәжбүр болған.
Марқұм Бірлепесовтің ағасы Кенжеғали Қошанов өрт сөндірушілердің қажет құрал-жабдығы болмаған дейді. "Өрт сөндіретін ауылдан 20-30 адам шығады. Одан көп шықпайды. Соларды бір оқытып, өрт осылай келгенде, былай істеңдер деп оқытып, жанбайтын, өртке шыдамды киімдер, соның 10 комплектін болса да, біздің акиматқа апарып тапсырып, міне, мынаны бір жерге қой, өрт болғанда кигізесің деп. Шықпау керек еді дайын бомағаннан кейін дейді. Қалай шықпайды? Өрт үйдің іргесіне келіп тұр. Қатын бала-шағасы өртеніп кете ме?", - деді ол.
Ал мұның алдында жергілікті басылымдардың бірінде аудан әкімінің сұхбаты жарияланып, ол ауыл әкімі Бірлепесовтің өрт кезінде сырқаты сыр беріп, құлап қалғанын айтқан. Марқұмның туыстары болса оны жоққа шығарып отыр. Медициналық сараптама өлімнің себебі күйіктен болғанын көрсетті әрі бауырымыздың ешқандай сырқаты болған емес дейді.
Жездесі Төке Ерімбетов Марқұм Бірлепесовтің ешқандай да сырқаты болмағанын айтады. "Ол ауру болып бір жерде учетта тұрса екен. Ибрашев жолдас неге негіздеген екен? Ол информацияны білмеймін, опровержение берсін газетке ол кісі", - деп сұхбат берді ол телеарна тілшілеріне.
Артынша аудан әкімінің орынбасары "басшысының сөзін газет тілшісі қате түсініп қалған болуы мүмкін" деген уәж айтты. Сондай-ақ, марқұмдардың туыстарына қажетті көмектер беріліп жатқанын жеткізді. 4 адамның қазасы табиғаттың тосын мінезінен болды дейді.
"Шквалистый ветер дейді, сол 380 градусқа бұрылып, келе жатқан өрттің бағытын өзгертіп, кері қарай шапқан кезде, сол өрт сөндірушілердің ішінде үшеуі өртке оранып, күйік шалады. Аудан әкімшілігі тарапынан ол кісілердің үйіне, мен өткенде де айттым, елдік тұрғыда көмектер, материалдық көмектер, қайыр айту деген секілді, сондай қызметтер атқардық", - деп мәлімдеді Әйтеке Би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов.
Белгілісі, сол күні аудандағы 7 селолық округте дала өрті болған. Облыс орталығынан өрт сөндіретін бір көлік қана көмекке барған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша, Сұлукөл ауылында да мамандар жұмыс істеген. Бірақ, олар ауыл әкімі қаза тапқан сәтте қасында болмаған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов өз кзегінде Сұлукөлге күштер мен құралдар барғанын, оның дәлелі де бар екенін айтты. "Және оның қай кезде шыққаны бар. Қанша адам, қанша техника шыққаны. Оның бәрі біздің журналда тіркелген. Ол жерде біздің адамдар 2 қыркүйекетен бастап жұмыс істеді. 200, 160, 120 шақырым жерлерге күштер мен құралдарды жіберіп жатырмыз", - деп түсінік берді ведомство өкілі.
Дегенмен, марқұмдардың туыстары ауылға өрт сөндіруге арналған арнайы киімдер бөлінбегенін және еріктілер дер кезінде оқытылмағанын айтады. Жауапты тұлғалар болса, шынымен солай болды ма, жоқ па, жалпы мәселенің мән-жайы тексеру жұмыстары аяқталған соң ғана белгілі болады деп отыр.