Батыс Қазақстанда жұмыссыз жастар үлесі үш пайызды құрады
2017 ж. 30 тамыз
2672
1
2017 жылдың 29 тамызы күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифинг облыстағы жастар бастамаларын дамыту сұрақтарына арналды. Баспасөз мәслихатына спикер ретінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Сакошев, облыстық «Болашақ» корпоративтік қорының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты С.Тұманбаева, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Н.Жолдасқалиев шақырылды.
А.Сакошевтің баяндауынша, 2017 жылға облыста жастар саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаржы көлемі 369,1 млн. теңге. Жайық өңірінде 14-29 жас аралығындағы 145 мыңнан аса жастар бар (облыс халқының 22,9 пайызы). Оның ішінде 22 400 жас 4 жоғары оқу орындарында оқиды. Биылғы бітірген түлектер саны 7,5 мыңнан асып отыр. Сонымен қатар, 19 886 жас арнаулы орта оқу орындарында білім алуда. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында 1246 жас оқып жатыр. Еш жерде жұмыс істемейтін жастардың үлесі 3-ақ пайыз (!), бұл республикадағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады (республикада орташа көрсеткіш 9 пайыз).
Батыс Қазақстанда 89 жастар бірлестігі (64-і Оралда, 25-і аудандарда) тіркеуден өтіп, оның ішінде 35 бірлестік күні бүгін белсенді жұмыс істеуде. Биыл әлеуметтік тапсырыс аясында 57 жоба жүзеге асырылуда (28-і жастар саясаты басқармасы арқылы, 29-ы Орал қаласы және аудан әкімдіктері арқылы). Жыл басынан бері 4848 жас жұмысқа орналастырылған (847 адам – қоғамдық жұмысқа, 776 адам - кәсіби оқытуға, 112 адам - «Бизнес - Бастау» жобасына).
«Жастар практикасы» шеңберінде 1035 жас еңбекке араласуға мүмкіндік алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 405 жас маман ауылға жолданып, оларға 194,4 млн. теңге құрайтын көтермеақы төленді. 321 жас маман баспана сатып алу үшін 102,5 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ, 841 жас «Жасыл ел» бағдарламасына тартылып, студенттік құрылыс отрядтарының 128 сарбазы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберіндегі құрылыс жұмыстарына ат салысуда.
Брифингте «Болашақ» корпоративтік қорының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты С.Тұманбаева тамыздың 12-сі - Халықаралық жастар күні аясында Орал қаласында өткен «Ақжайық - фест» шарасы туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, қор қолға алған болашақ басқарушы кадрларды әзірлеу бойынша «Болашақ карьералық мансаптық өсім» атты жобаның мән-маңызын түсіндірді. «Бұл бұрын – соңды болмаған жоба. Енді жастар өздерінің резюмелерін қорға жолдап, базаға тіркетіп, облыстағы бос жұмыс орындарын ұсынған компаниялармен тікелей байланыса алады» - деді С.Тұманбаева.
Облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Н.Жолдасқалиев Орал қаласындағы үш күндік аймақтық саяси лагерьдің мақсат-міндеттері туралы айтып берді. «Жастар – Отанға!» атты алқалы басқосуға еліміздің батыстағы төрт облысынан (Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау) 120-ға жуық белсенді жастар қатысты. Басты мақсат – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген жұмыстарға жастарды тарту, қатыстыру болды» - деді ол.
Өз кезегінде А.Сакошев саяси лагерьді қорытындылаған шара ретінде «Болашаққа бағдар: жастардың жетістік жолы» атты аймақтық жастар форумы өткендгін тілге тиек етті. «Форум жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты. Форумға қатысушылар жиын соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, оның ішінде арнайы жобаларды лайықты жүзеге асыру мақсатында облыс жастарының коалициясын құру туралы бастама көтерді» - деп атап өтті А.Сакошев.