Алматы облысында жыл соңына дейін 35 мектеп пайдалануға беріледі
2017 ж. 25 тамыз
2504
8
Жыл соңына дейін Алматы облысында 35 мектеп, ал оның 24-і Білім күні пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорғанда өткен ұстаздардың тамыз конференциясында хабарлады. Қалыптасқан үрдіске сай жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілген кеңес жұмысына облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Еркін Садықов және облыстың барлық аудан-қаласынан білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар конференцияны ресми түрде ашып, жүргізіп отырды.
Негізгі баяндаманы оқыған Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова, конференцияға қатысушыларға өткен оқу жылының, ҰБТ-ның қорытындысын баяндап, жаңа оқу жылында жүктелетін негізгі мәселелерге тоқталды.
Білім басқармасы басшысының сөзіне сүйенер болсақ, жаңа оқу жылына қойылар талаптардың негізгісі - білім деңгейін көтеру, педагогикалық ұжымның арасындағы тәртіп пен ұйымшылдықты арттыру, әрбір ұстаз бен мектеп әкімшілігінің жұмыс нәтижелілігіне қойылар талапты күшейту болып табылады. Баяндамада Мемлекет басшысы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің жаңадан енгізген талаптарын ұстаздар қауымының бұлжытпай орындауы қажеттігі жайында айтылды. Атап айтқанда, үш тұғырлы тіл саясаты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, педагогтардың біліктілігін арттыру және өзге де маңызды тапсырмалар жүктелді.
Өткен жылдың жетістіктеріне тоқталған облыстың бас ұстазы проблемалық мәселелерге де көңіл аударды. Олардың ішінде ҰБТ-ның нәтижесікөңіл көншітпеді. Л. Базарқұлова осы іске жауапты тұлғаларға, соның ішінде облыстық білім басқармасына да кемшіліктерді алдағы оқу жылында қайталамаудың қам-қарекетін ойластыруға бүгіннен бастап кірісуді талап етті.
Конференеция барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Еркін Садықов, білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы мен білімді дамытудың жаңартылған мазмұны туралы толықтай түсіндіріп берді.
Жарыссөзге қатысқан ұстаздар күн тәртібінде бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне тоқталды. Олардың ішінде педагогтардың бәсекеге қабілеттілігі, жаңаша білім беру мазмұны, патриоттық тәрбие, дуалды оқыту, техникалық және кәсіби білім беруде еңбек нарығының сұранысына сай келетін білікті кадрлар дайындау мәселелері айтылды.
Педагогтардың тамыз конференциясын өңір басшысы Амандық Баталов қорытындылады.
Ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жұмыстарына табыс тілей келе, жаңа оқу жылына қойылған тапсырмалардың басым бағыттарын айқындап өтті.
- Құрметті жиынға қатысушылар, құрметті ұстаздар! Келер оқу жылында педагогтарымызға үлкен міндеттер артылады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұсынған қоғамдық сананы жаңғырту жоспарын іске асыру бойынша өскелең ұрпақпен түсіндірме жұмыстарын бірлесіп жүргізуіміз қажет.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауының арқасында білім берудің қазақстандық үлгісі дамудың жаңа сатысына көтерілуде, белсенді түрде заманауи инфрақұрылым қалыптасуда. Сол себепті, күш-жігерімізді бір арнаға бұрып, барлық бағыттар бойынша бірлесе жұмыс жасаумыз қажет. Біздің мақсатымыз ортақ, ол еліміздің өскелең ұрпағына сапалы білім беру, ұлт жанды, еліміздің мақтан тұтар азаматтарын тәрбиелеп шығу, - деді А. Баталов.
Өз сөзін жалғасытар келе өңір басшысы білім саласының ақсап тұрған күн тәртібіндегі мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Солардың ішінде ҰБТ-ның нәтижесі, балаларды қосымша біліммен қамтудың аз үлесі, мектеп директорларының атымен байланысты орын алған келеңсіз оқиғалар, кадрларды жұмысқа қабылдау кезіндегі өз ісіне жауапсыздық мәселелері бар. Сондай-ақ облыс әкімі тәрбиелеу ісінің босаңсып кетуінің салдарынан уақытынан ерте жүкті болу, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың арту деректерінің көбейіп бара жатқандығына да назар аударды.
Осы аталған мәселелерге байланысты Амандық Баталов аудан-қала әкімдеріне, облыстық білім басқармасының басшысына жұмыстарын қайта қарап, айтылған әрбір бағыт бойынша тиісті шара қолдануды жүктеді. Сонымен қатар облыс әкімі аудан-қала әкімдеріне физика пәнінің мұғалімдерін оқушыларымен бірге «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне барып қайтуын, оларды жатын орынмен және тамақтануын қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір басшысы үш тілде оқытуды жетілдіру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру мәселесімен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту мәселесі ерекше бақылауда тұрғандығын ескертті.
Осыдан кейін өзінің кәсіби шеберлігін шыңдауға үлкен көңіл бөліп, ұстаздық етудің жаңа әдістерін тұрақты енгізіп жүрген бірнеше ұстаздардың есімін атап, өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылған ұстаздарды марпаттау рәсімін өткізді. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгілермен марапатталғандары да болды. Сондай-ақ ұстаздарға облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді.
Естеріңізге салар болсақ, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының фойесінде облыстың білім беру мекемелерінің атқарып жатқан жұмыстарының басым бағыттарын көрсететін көрме ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылы Алматы облысының білім беру саласының бюджеті 153,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде білім беру нысандарының құрылысына 27 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Өңірде 48 білім беру нысанының құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 44 мектептің 35-і пайдалануға беріледі. Білім күнінде 24 жаңа мектеп өзінің алғашқы оқушыларына есігін ашпақ. Осы мектептердің 23-і үш ауысымда оқыту мәселесін шешетін болады. Ал 2018 жылы тағы 10 мектеп салу арқылы үш ауысымда оқыту мәселесі толықтай шешілмек. Сонымен қатар, биылғы жылы 24 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін атап өткен жөн.
qazaquni.kz