Батыс Қазақстан облысында ағымдағы жылы мыңнан астам адамның еңбек құқығы қорғалды
2017 ж. 22 тамыз
6230
0
2017 жылдың 22 тамызы күні Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті брифинг өтті. Брифингке спикер ретінде қатысқан БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы А.Айтуев 2017 жылдың І жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы туралы айтып берді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылдың алғашқы алты айында 424 арыз-шағым тіркелген. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы бойынша 180 кәсіпорын-ұйымдарды тексерді. Соның ішінде 152-і жоспардан тыс, 16-ы ішінара, 12-сі бару жолымен тексерулер.
Жүргізілген тексерулердің барысында 260 заң бұзушылық анықталды. 43 тұлғаға 7,238 млн. теңге айыппұл салынды. Оларды шартты түрде былай қарастыруға болады. Біріншісі - еңбек қатынастарына қатысты. Яғни, бұл жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерге жалақыны уақытылы және толық мөлшерде төлемеу, еңбек шартының жасалмауы, еңбек шарты мазмұнының ҚР Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес келмеуі, тәртіптік шара қолдану мәселелері бойынша, оның ішінде қызметкерді тәртiптiк жаза қолдану туралы актісімен таныстырмауы, тәртіптік жазаның қызметкер демалыста немесе еңбекке уақытша жарамсыз болған кезеңде берілуі, еңбек шарты тоқтатылған кезде пайдаланылмаған жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы үшiн өтемақы төлемдерiнің жүргізілмеуі бойынша 201 заң бұзушылық тіркелді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі бойынша 42 заң бұзушылық анықталды. (өндіріспен байланысты жазатайым оқиғалардың уақытылы тергеп-тексерілмеуі (жасыру), қызметкерлерді оқытуды және инструктаж өткізуді ұйымдастыру бойынша, қызметке жарамдылық бойынша міндетті медициналық тексеріп-қараудың өткізілуін ұйымдастыру бойынша).
2017 жылдың І жартыжылдығында 24 жазатайым оқиға орын алып, 2016 жылдың (33 оқиға) осы кезеңімен салыстырғанда 23%-ке төмендеді. Жазатайым оқиғалардан 32 адам зардап шегіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 20%-ке төмендеді (40 адам). Биылғы осы есептік кезеңде 2 адам қаза тапты.
Күні бүгін облыстағы 37 ірі бизнес кәсіпорыны және 92 орта бизнес кәсіпорыны өз жұмысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың ұлттық және халықаралық стандарттарын енгізді. Ағымдағы жылы кәсіпорындардың 1300-ден аса жетекшілері мен мамандары еңбекті қорғау заңдылығын білу бойынша тексерістен өтті.
Халықты жұмыспен қамту бойынша тіркелген заң бұзушылықтар саны – 17 бұзушылық (өткен жылы - 74). Жалпы тексерістер нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою турасында 112 нұсқама берілді. Жауапты 53 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартатын жағдайлардың бірі – жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы ұжымдық еңбек шарты. Күні бүгін облыста 1494 ұжымдық шарт тіркелген. Ұжымдық шартпен 130 мыңнан астам адам қамтылған (бұл барлық еңбек ететін тұлғалардың 55 %-ы).
Уәкілетті орган қолға алған кешенді іс–шаралардың нәтижесінде тек жыл басынан бері 86 кәсіпорын-ұйымда жалпы көлемі 150 млн. теңгеден аса сома құрайтын жалақы берешегі өтелді. 709 адамның еңбек құқығы қорғалды. Күні бүгін 6 кәсіпорында жалақы берешегі бар, олар бойынша сот шешімімен банкроттық процедуралары жүруде. Сонымен қатар сот орындаушыларының өндірісінде 2 материал бар, мұндағы жалақы қарызы 7,5 млн. тенге.
Журналистердің сауалдарына жауап бере келе А.Айтуев қала мен облыс кәсіпорындарында соңғы уақыттары орын алған оқыс оқиғаларға түсінік берді (ТОО «Жайык Таза кала» ЖШС, «Ақсайжылуқуат» ЖШС, Круглоозерный психоневрологиялық мекемесі және т.б.).