Прокуратура қызметкері мен тергеуші 2 миллион теңге пара алғаны үшін ұсталды
2017 ж. 25 шілде
2479
1
ОҚО-да прокуратура қызметкері мен тергеуші 2 миллион теңге пара алғаны үшін ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2017 жылдың 24 шілдесінде Бас прокуратураның Ішкі тергеу департаменті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл бюросымен бірлесе кәсіпкер А. есімді азаматтың арызы бойынша Шымкент қаласында өткізген жедел-іздестіру шаралары барысында Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының қызметкері және Абай АІІБ-нің тергеушісі 2 миллион теңге көлемінде пара алу үстінде ұстады", - делінген хабарламада.
Ұсталғандар салық төлеуден жалтарған ЖШС басшылығын жауаптылыққа тартпау үшін пара алған. Осы дерек ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамына сәйкес (адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы пара алу) бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізімінде тіркелді. Ұсталған прокуратура қызметкері Шымкент қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.