Ермекбаев "Иегова куәгерлері" ары қарай жұмыстарын жалғастыра беретінін айтты
2017 ж. 21 шілде
3655
7
«Иегова куәгерлері» елімізден аластатылмайды. Экстремистік қауіпті топқа жатпайтындықтан, қоғамдық ұйым әрі қарай жұмысын жалғастыра бермек. Бұл туралы еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Алматы арнасы.
Қазақстан Конституциясына сәйкес аталмыш діни бірлестіктердің өзгелермен құқығы тең екен. Сондықтан, бұл ұйымның жұмысына ешкім кедергі келтіре алмайды.
«Террорлық әрекетерге қарсы қолға алынған іс-шараларды арнайы комиссия, құқық қорғау мен құзырлы органдар тексереді.Олар өз тарапынан қажетті талаптардың сақталмағанын анықтаған. Ескерту жұмыстары да жүргізілді. Бірақ, олқылықтар дер кезінде қойылмаған. Сондықтан іс сотқа жолданды. Нәтижесінде, бірлестіктің жұмысы 3 айға дейін тоқтады»,- деді Қазақстан Респбликасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі, Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Ермекбаев сонымен қатар, елімізде жаппай екпе егу мәселесін енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс министрлікте бұрыннан талқыға түсіп келеді. Дегенмен, нақты шешім жоқ. Сондықтан ведомство жаңадан заң жобасын әзірлеп жатыр.
«Діни ұстанымдарға байланысты кей адамдар қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе егуден бас тартып жатады.Ол мұсылмандар, христиан мен «Иегова куәгерлері» арасында да кездеседі. Мұнда түсіндіру жұмысы маңызды. Себебі, біз адамдарды қинап вакцина жасауға, болмаса қан құйдыруға құқымыз жоқ»,- Дін істері және азаматтық қоғам министрі, Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Астана қаласында 11 жастағы қызға қан құйылған болатын. Анасы өз тарапынан қан ауыстыруға үзілді-кесілді қарсылық танытқан. Кейіннен, оның «Иегова куәгерлері» қатарында екені анықталды.