Жел ұшырған шатыр салдарынан қайтыс болған ардагердің отбасына 500 мың теңге төленеді
2017 ж. 20 шілде
1971
0
Дүйсенбі күні шыққан қатты дауылдың салдарынан қайтыс болған тыл ардагері Шерияздан Исанов ақсақалдың отбасына жарты миллион теңге материалдық көмек көрсетілетін болды. Бұл жайында бүгін журналистерге «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Ертілеу Мешімбаев мәлімдеді.
Ертілеу Мешімбаев желдің жойқын күші төбені жатқан материалдың бір кесегін жұлып алып, оны 70 метрге дейін сүйреп әкеткенін, сол кесек үстіне құлаған қарияның ажалы ойда жоқта болған оқиға екенін айтты.
-Осы уақытқа дейін төбені жапқан құрылысшылардың жұмысына ешқандай ескерту болған жоқ. Жеті жыл болыпты, осы уақыт ішінде қаншама дауыл тұрды. Көзімен көргендер, жұлынған кесекті дауыл бірнеше рет аспанға көтеріп, шыр айналдырып, сосын тағы 8-10 метр биіктікке ұшырып әкеткенін айтады, — деді директор.
Төбеден жұлынған бөлігі «автоуправление» аялдамасының үстінен ұшып, Халық банкінің ғимараты жағынан келе жатқан ақсақалдың үстіне құлаған.
-Біз отбасының қайғысын түсінеміз. Ол кісі ауруханаға түсе салысымен келіп, жағдайын білдік, біздің қызметкерлеріміз қан тапсырды. Қарияның туыстарына қандай да бір қолдау көрсетуді шешкен едік. Компанияның президенті бізді қолдап, Шерияздан Исановтың отбасына жарты миллион теңге материалдық көмек бөлді, — деді Ертілеу Мешімбаев.