Ел рухын көтерген рухани жаңғыру тұжырымдамасы
2017 ж. 12 қараша
6808
0
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жаңа тарихи кезеңге қадам басып, қайта түлеудің тың бағыттарына бет алған еліміздің болашағы мен қазақстандықтардың келешегі үшін маңызы терең құжат. Көшбасшы халқымыздың тағылымы мол тарихы мен сан ғасырдан жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын әрі болашаққа деген үлкен сеніммен қадам жасаудың қажеттілігін түсіндіреді. Бағдарламалық мақалада еліміздің әлемдік өркениетпен теңесіп, білім мен білік, тәжірибе, мәдениет, идеология, руханият тұрғысынан жан-жақтан кемелденіп, озық ойлы, үздік тәжірибелі, «Мәңгілік ел» идеясының өрнекті ізімен алға ілгерілеген табысты ел болуы айшықталған.
Аталмыш мақалада барлық күрделі мәселелер қамтылған, атап айтқанда, өткен күнге сараптама жасала отырып, келешектегі бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстар жайында нақтылы шешімдер мен жүйелі жоспарлар жасалған. Тұғырнамадағы кіріспеден бастап, «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімі мен қорытындысы – мызғымас мемлекетімізді көркейту мен өркениетке жеткізудің әрі әлемдік кең өрісте рухани жаңғырудың жарқын жолы.
Мемлекет басшысы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.», - деп толымды тұжырымдарымен бөліседі. Еліміздің жоғары жетістіктерге жетуіне тек оның табиғи байлығы емес, адамдарының білімі мен бәсекеге қабілеті, адами құндылығы, денсаулығы, ұлттық болмысы да ықпал етеді. Ақиқатында да, әлем мойындаған тұғыры биік, табысты ел болуымыздың бір талпынысы – ғасырлар бойы тереңнен тамыр тартқан ұлттық кодымызды сақтай отырып, ізгі ниетімізден айнымай, сапалы білім алып, кәсіби шеберлігі үйлескен жүйелі де өнімді қызмет түрін ұсыну, озық тәжірибеден өнеге алып, бәсекелік қабілетті арттырып, өзіңнің соны серпін беретін тың дүниелеріңді ел игілігіне ұсыну екендігі белгілі.
Н.Ә.Назарбаев осы рухани жаңғырудың ерекше қырларына тоқтала келе: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс-тырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», - деп жаңарудың жаңаша мазмұнына ой жүгіртіп, жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән беру арқылы елдің көңілін дөп басты. Бұл –тарихтың қойнауында қазына ретінде қалатын бүгінгі күн мен ертеңгі егеменді, азат ойлы бақытты болашақтың өлшемдерін үйлестіретін ұлт жадының тұғырнамасы деп
білеміз. Елбасының сөздері ұлт руханиятының, ұлттық дүниетаным мен құндылықтың ең маңызды тұстарын қамтиды, сол себепті күн өткен сайын көптеген қолдаушылардың санын арттыра түсуде. Өйткені, жылдам қарқынмен жылжып жатқан жаһандану дәуірінде ұлттық кодымыз бен ел тұтастығын, рухани құндылықтарды сақтап қалу маңызды болғандықтан, айтылмыш мәселе әрбір отандасымыздың ойына сәуле түсірері хақ.
Президент мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты нақты түйінді: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер... Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз», - деп атап көрсетеді. Халқымыздың тілі, тарихы, салт-дәстүр, ұлттық мәдениеті – рухани құндылықтардың қайнар көзі. Біздің ұлттық кодымызды сақтауға көмектесетін негізгі ұстындар да қазақтың рухани, мәдени әлемімен тығыз байланысты. Оның ілкі бастауында тіл құндылығы тұрады. Сондықтан әрбір отандасымыз, әрбір қазақстандық алдына үлкен мақсат қойып, жаһандану кезеңіне осы қайнар көзімізден бір елі ажырамаған түрде біте қайнаса енуі керек. Сонда ғана біз әлемдік алпауыттарға жұтылмай, елімізбен бірге табысқа жетіп, рухани жаңғыратынымыз анық.
Елбасы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу керектігін баян еткен болатын. Латыншаға көшудің маңыздылығы – бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты екендігін саралайды. Себебі, мектеп қабырғасында оқушылар ағылшын тілін бастауыш сыныптан бастап үйреніп жатқандықтан, латын әліпбиіне көшу – бүгінгі жас буын үшін де ешқандай кедергілер келтірмейтіні баршаға мәлім.
Латын әліпбиі біздің шежірелі тарихымызда бар дүние, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. Латын әліпбиіне көшу нәтижесінде қазақ руханиятының інжу-маржандарын бүкіл әлемдік кеңістікте танытып, түбі бір туыс елдермен өзара шығармашылық байланысты арттырамыз. Қазақ елі жалпақ әлемге тағы бір қырынан танылып, әлемдік ғылым саласын игеруімізге мүмкіндік туындайды. Егер мәселенің негізгі идеясына үңілсек, мемлекет басшысының көтеріп отырған мәселесі – қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін, тіл тазалығы екендігін түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу арқылы – қазақ тілінің халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуіне тиімді жолдар ашылып,ұлт мұратының жаңа бір белеске өрлеп, жаңаша мазмұнда жаңаруына әрі жаңғыруына жаңа мүмкіншіліктер туатыны сөзсіз. Біздің латын әліпбиіне көшуіміз –рухани тәуелсіздік алып, өткен тарихымызға оралуымыз болмақ.
Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісудің маңыздылығын тұжырымдайды. Бұл – баршамыздың алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі болмақ. Елбасы қазақ тілі мәселесіне қатысты тағылымды ой-толғамдарын былайша түйіндеген: «Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек». Сондықтан Елбасының тіл мәселесіне қатысты пайымына тәуелсіз сана биігінен қарап, қолдау білдіру – қазірге тәуелсіздік дәуіріндегі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі деп түсінеміз.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың елге нақты бағыт-бағдар көрсеткен мақаласы отандастарымыздың жүректеріне от, жасындай жігер, соны серпін берді. Ең маңыздысы, бағдарламалық мақаланы қазақстандықтарға үлкен мотивация беретін мәні терең құжат ретінде бағалауға болатыны. Сондай-ақ қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тиімділігі зор. «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылдарының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», - деген жаңаша білім мазмұнына өзгеріс енгізу жайындағы өрісті ойлары баршаға ой тастайды. Елбасы әлемдегі ең үздік 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасауы құптарлық іс. Бұл біріншіден, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, ана тілінде білім алудың маңыздылығын реттейді және мемлекеттік тіліміздің нығаюына жағдай жасайды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған әрбір бағыт-бағдарды «Мәңгілік еліміздің» рухани дамуы жолындағы ізденістер мен армандарға, батыл шешімдерге толы маңызды құжат, жүйелі жоспар десе де болғандай. «Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін», - деген Ұлт көшбасшысының асыл сенімін, үкілі үмітін бірлік туы астында күш, жігерімізбен қуаттап, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұлт алдындағы жүгіміздің бірге көтеруіміз қажет. Бұл бәрімізге бағдар берген бағдарламаның тек мемлекеттік тілде ғана жариялануының өзі 26 жыл ішінде ана тіліміздің көп жағдайда шешуші позицияға жеткенінің айшықты көрінісі деп білеміз.
Президент мақаласын алдымен мемлекеттік тілде жариялау арқылы қазақ тілінің қоғамдағы басым рөлі мен тоқтамайтын үдеріс екендігін көрсетті. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз «Мәңгілік елімізбен» бірге
Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», - деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың парасатты тұжырымдары мен сүбелі ойлары осы көріністің жеміс бергендігін тағы бір айқындады.
Қорыта келгенде, мыңдаған жылдық тарихы бар азаттық әуені ойнаған ұлан-байтақ тәуелсіз елде ел рухын көтерген рухани жаңғыру тұжырымдамасы ел еңсесін биіктетіп, «Мәңгілік ел» болуымызға үздіксіз үлес қосып, қызмет етеді деп түйіндейміз.
Дәурен Мұхамадиев
Радиоэлектроника және байланыс
әскери-инженерлік институты
Мемлекеттік тіл кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты