АСТАНАДА ОҚУШЫЛАР САНЫ ЕСЕЛЕП АРТТЫ

Биыл Астанада мектеп табалдырығын алғаш аттайтындардың саны рекордтық көрсеткішке жетпекші. Астаналық мектептерді бітірген 5 мың түлектің орнына жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа шамамен 22 мың оқушы келеді. Қалалық білім беру бас­шысының міндетін атқарушы Ануар Жанғозинның айтуынша өткен оқу жылы Астананың мектептерінде 9 588 орынға жетіспеушілік байқалса, биыл бұл көрсеткіш 17 мыңды құрауы мүмкін. «1-сыныпқа келетін оқушылардың саны күрт өсуіне (болжам бойынша 22 мың оқушы) және көші-қон мәселесіне (4 500 оқушы) байланысты 2017-2018 оқу жылында болжам бойынша 17 мың орынға жетіспеушілік сезілуі мүмкін», – деді ол. Оған қоса Астана әкімдігімен мектептер мен бақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесі кешенді түрде шешілуде. Осылайша 2017-2018 оқу жылы 2 600 орынға шақталған жапсарлас салынған 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, Елордада жыл сайын кем дегенде 10 жаңа мектеп салынатын болады. «6 мектептің құрылысы басталды, жыл соңына дейін 4 білім ордасын салу жоспарлануда. Жалпы алғанда 11 мың орынға арналған 10 мектеп салынады, ол 2018-2019 жылдары пайдалануға беріледі. Оған қоса 13 мектептің жобасын іске асыру бойынша жұмыс басталып кетті. Біздің жоспарымыз – жыл сайын 13-14 мектепті пайдалануға беру», – деді А.Жанғозин. Қазіргі таңда Елордада 95 жалпы білім беретін мектеп ордасы бар, онда 130 542 оқушы білім алады. qazaquni.kz