Азат Перуашев азаматтарды жеке қабылдады
2017 ж. 11 шілде
2354
1
Облыс орталығында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев азаматтарды жеке қабылдады, - деп хабарлайды altaynews.kz.
Мүмкіндігі шектеулі азамат Андрей Жистовский партия төрағасына сұрағын төтесінен қойды. «Бізде ешкімнің қолдауынсыз таза бизнесті құру мүмкін бе?» деген Андрей құрылыс материалдарын тасымалдайтын фирмасы бар екенін айтты. Алдағы уақытта достарымен бірлесіп, жиһаз цехын ашпақ ойлары бар екен. Барлығы сауатты, спортпен айналысады, жобалары көп.
-Біздің елімізде ерекше жандарға өз ісін ашу өте қиын. Бір қарағанда, жас кәсіпкерлерді қолдайтын «Даму», «Бәйтерек» сияқты қорлар бар. Алайда оларға келсең, «бәрі дұрыс, айналымыңда қанша қаражат бар?» бар деп сұрайды. Жас кәсіпкерде қайдағы айналым, қайдағы қаражат? Инвесторларды қалай тартудың жолдарын көрсетсеңіздер. Мен өзім паралимпиадаға қатысқам, біздің жаттықтырушылардың құрал-жабдықтары ескі, жалақысы да өте мардымсыз. Жуықта Риддер қаласында олимпиада резервтерінің мектебі ауланы көріктендіру мен шыны терезелерді салуға тендер жариялады. Бірақ бізді қатыстырмады. Ұйымдастырушылар біздің жобамыздың қандай кемшіліктері барын түсіндірмеді де, — деп шағымданды жеке кәсіпкер.
— Мен сіздердің ерік-жігерлеріңізге тек басымды иемін. Дені сау азаматтардың өзі жұмыс істегілері келмейді. Маған көп жерде осы «Даму» қоры жайлы кеш естіп қалғандарына шағымданады. Бұл бағдарламаны жаңарту туралы ұсыныс түсіру керек. Ал тендерге келетін болсақ, облыстық әкімдік пен облыс прокуратурасына хат жолдаймыз, бұл мәселені бақылауға аламыз, — деп уәде етті Азат Перуашев.
Шемонайха ауданы Усть-Таловка ауылының тұрғыны Александр Карпачев сегіз баланың әкесі. Отбасы үшін басты проблема — баспана болып тұр. Айтысына қарағанда, заңдағы қайшылықтар Александр Владимировичке көп балалы әке ретінде жеңілдіктер алуына мүмкіндік бермей отыр. Бірінші әйелі бес баламен тастап кетіпті. Екінші рет үйленген ол қазір сегіз баланың әкесі. Соған қарамастан ол «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлерінің жеңілдіктерін пайдаланып, кезексіз пәтер ала алмайды. Гендерлік теңдік туралы қанша айтылғанымен, көп балалы әкелерге «Күміс алқа», «Алтын алқа» берілмейді екен. Оның үстіне ол қазір Алматы қаласындағы бір фирмада жұмыс жасайды. Алайда бірнеше айдан бері жалақысын да ала алмай жүр.
-Жалақы мәселесі туралы бірден облыстық прокуратураға арыздану қажет. Қазір прокуратура жалақы борышкерлерінің қызметін бірден тоқтатып тастайды. Сотқа жеткізбей-ақ еңбекақы қарыздарын қайтарып алуға болады, — деген кеңес берді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы. Азат Перуашев көп балалы әкенің баспана мәселесіне қатысты мәселе де назарға алынатынын ескертті.
Өскемендік жеке кәсіпкер Владимир Дремов осыдан бес жыл бұрын терможаңғырту бағдарламасына қатысыпты. Жұмыс ауқымы көп, уақыт тығыз болғандықтан субмердігерлер жалдаған. Алайда 2016 жылы жаңағы субмердігерлер жалған кәсіпкерлер деп жарияланады. Бұл кезде Владимир Дремов зейнеткерлікке шығып үлгереді. Алайда зейнеткердің зейнетақы қорына жинаған қаржысы бүгінгі таңда бұғатталған, тіпті зейнетақысын да ала алмай отыр.
-Барлық айыппұл мен салық қарызы 2,5 миллион теңгені құрап отыр. 2016 жылы желтоқсан айында Жоғарғы соттың алғашқы сотта шығарған жалған кәсіпкерлік туралы шешімді жою туралы шешімі шыққанына қарамастан, салық органдары менің зейнетақы қорындағы қаражатыма тыйым салып тастады. Зейнетақымды да бермейді, — деп түсіндірді зейнеткер.
Азат Перуашев бұл жерде зейнеткердің құқы аяққа басылып отырғанын жеткізді.
-Зейнетақы қорындағы қаражатқа ешкім тыйым сала алмайды, Екіншіден, Елбасы жалған кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауапқа тартуға тыйым салу туралы құжатқа қол қойған болатын. Қыркүйек айында біздің фракцияның депутаттары облыстағы барлық заң органдарының өкілдерімен кездесу өткізеді. Бұл мәселені сол кездесуде талқыға шығарамыз. Салық орындары қызметкерлерімен бетпе-бет кездесіп қана бұл сұрақты шешуге болады. Дұрыс заңдарды қабылдау аз, олардың жұмыс істегені маңызды, — деп қорытындылады Азат Перуашев.