Отандық институт Қытайдың Фудань университетімен серіктестік орнатты
2017 ж. 10 шілде
1789
0
Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) әлемнің үздік 100 ЖОО тізіміне кіретін Қытайдың алдыңғы қатарлы ғылыми орталығы – Фудань университетінің (ҚХР) өкілдерімен кездесу өтті.
Бұл туралы Әлемдік экономика және саясат институтының баспасөз қызметі хабарлады.Қазақстандық және қытайлық сарапшылар «Үлкен Еуразиядағы» геоэкономика мен геосаясаттың жаһандық үрдістерін, «Бір белдеу – бір жол» жобасын, сонымен қатар, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктерін талқылады.
Қытай делегациясының құрамында Фудань университеті вице-президентінің орынбасары Чэнь Чжиминь, Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару Мектебінің, Ресей мен Орталық Азия институтының, халықаралық зерттеу орталықтарының өкілдері мен Guancha.cn интернет-порталының журналистері болды.
- Біз қазақстандық және қытайлық «ақыл-ой орталықтарының» бірлесіп жұмыс істеу мәселелерін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамаларын талқылаудың нәтижелі алаңы саналатын «Астана клубының» 3-ші отырысы аясындағы өзара ықпалдастықты талқыладық. Сондай-ақ, Қытайдағы өз саласындағы алдыңғы қатарлы think tank – Фудань университетінің Ресей және Орта Азия институтымен серіктестік туралы меморандумға қол қойылды, - деді кездесу қорытындысы бойынша ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.