Астана қаласында Алматы облысының мәдениет күндері өтпек
2017 ж. 07 шілде
1602
0
«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Алматы облысының Мәдениет күндері 11-15 шілде аралығында өтеді. Осы жайлы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы баспасөз конференциясын өткізді.
Биылғы ЭКСПО көрмесіне Алматы облысы да өз үлестерін қосуда. Оған облыс атынан 332 өнерпаз қатысады. Халықаралық маңызы бар шараның насихатталуы жөнінде көптеген іс-шаралар атқарылып, тақырыптық кездесулер мен жиындар өткізілген.
«Ел тарихында қалатын шараны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған қонақтар халқымыздың өнерімен кеңінен танысатын болады. Атап айтар болсақ Б.Римова атындағы облыстық драма театры, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Көркемсурет галереясы мен Қолөнер шеберлері жақсы дайындықпен келе жатыр. Алматы облысының мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы «Жетісу – жұмақ мекенім» шарасымен басталады. Жабылу рәсімі шілденің 15-ші жұлдызында Амфитеатрда өтеді. Осындай әлемдік маңызы бар игі істер ел мәртебесін асқақтайтыны сөзсіз. Тек бірлігі мықты елдің, келешегі зор», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы.
Ел бірлігі мен әлеуеті сыналар көрмеге баспасөз қатысушылары тек сәттілік тілесті.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі