«Қамқор» мобильдік қосымшасы кәсіпкерлерге үлкен көмек беруде
2017 ж. 27 маусым
2765
0
Кәсіпкерлерді қорғаудың ерекше бір түрі «Қамқор» мобильдік қосымшасы. Оны әрбір іскер азамат ұялы телефондары мен гаджеттеріне тегін жүктеп, заңсыз тексерістің алдын ала алады. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өкілі баяндады.
Қазіргі таңда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды тоқтату, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. «Қамқор» мобильдік қосымшасын «Googleplay» және «AppStopre» қосымшалары арқылы жүктеп, тексерудің шынайы тіркелгендігін білуге болатыны айтылды.
«Онлайн режимінде берілген өтініштер прокуратураға түсіп, жұмысты жеңілдетеді. Бұл дегеніміз кәсіпкерлердің сенімділіктерің нығайту. Осы инновациялық жобаның тиімділігі туралы облысымызда да мысалдар бар.
Мәселен, «Қамқор»-ға «Талдықорған комфорт» ЖК азамат Д. Талипов Талдықорған қаласының Ішкі істер департаментінің қызметкеріне заңсыз әрекеті туралы арыз түсірген. Осы заңсыз араласу фактісі бойынша тергеу жүргізіліп, сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданылды», - деді Алматы облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аға прокуроры Алмас Қыдырбайұлы.
Кәсіпкерлікті дамыту экономиканың негізгі қайнар көзі болғандықтан, оны барынша сауатты қорғау басты міндет.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі