Астанада жалға берілетін пәтер құны 3 млн теңгеге дейін шарықтап кетті
2017 ж. 06 маусым
2762
1
ЭКСПО-мен қатар келген қымбатшылық! Халықаралық көрменің ашылуы жақындаған сайын Астанада қонақүй құны шарықтауда. Сұраныс жоғары болғандықтан, қожайындар бағаны өз қалауларынша белгілеп жатыр.
Мәселен, Елордада бір тәулік түнеп шығу қазір 30-40 мыңнан басталып, 1 жарым миллион теңгеге дейін жетеді. Қымбатшылық жалға берілетін пәтерлерге де жеткен. Бір бөлмелі баспананы бір айға жалдау 3 миллион теңгеге дейін өскен, деп хабарлайды КТК.
Ұрымтал тұсты ұтымды пайдалануға тырысқан елордалық бизнесмендер туристердің ақшасын аяп қалып жатқан жоқ. Кәсіпкерлер бағаны барынша көтеріп, мол табыс табуға тырысып бағуда. Ал мұндай маусымдық қымбатшылыққа ешкім шектеу қоя алмайды. Бағаны нарық реттейді.
Сонымен, интернеттегі хабарламаларға қарасаңыз, ЭКСПО кезінде Астанада бір ай қонақүйде өмір сүру құны 3 миллион теңгеге дейін жетеді. Шетелдіктер бұл бағаны қымбатсынып жатқан жоқ екен. Күзге дейін сұраныс өте жоғары, көптеген қонақүйде қазірдің өзінде орын тапшы.
«Келіп жатқандардың көбісі шелдіктер. 5 жұлдызды ең қымбат нөмердің бағасы 1 млн 400 мың, ең арзаны 30-40 мың шамасында», - дейді «Астана конвенш бюро» ЖШС менеджері Марат Әлмағамбетов.
Астаналық шенеуніктер кәсіпкерлердің баға саясатына араласпаймыз деп отыр. Тек әкімдікпен арнайы келісімге отырған қонақүйлерге шектеу бар. Оларға халықаралық көрме кезінде қызмет құнын 20 пайызға дейін өсіруіне рұқсат. Мәселен, Есілдің сол жағалауында орналасқан мына қонақүйдің иесі жөндеу жасап, қонақтарды күтіп алуға қызу дайындалуда.
«Бұрын бір нөмер тәулігіне 15 мың болған. Қазір 18 мыңға көтердік. Маусым айына орын жоқ. Шілде, тамызда да адам көп болады деп отырмыз», - деп түсіндірді қонақүй директоры Сергей Федосеев.
Астанада жалға берілетін пәтерлердің бағасы да шарықтап тұр. Маусым айынан бастап сұраныс күрт өскен. Сәйкесінше, үй иелері баспана құнын көтеріпті. Қазір риэлторлар тапсырыс берушілерді жайғастырып үлгере алмауда.
«ЭКСПО-ға байланысты пәтер бағасы екі есеге қымбаттады. Астана бір бөлмелі баспананы 150 мыңға, екі бөлмеліні 300-350 жалдауға болады. Әзірге бос пәтерлер бар. Бірақ, сұранас та өте жоғары», - дейді пәтерді жалға беру бойынша менеджер Малика Тойшытаева.
Жалпы, Астанада 191 қонақ үй бар. Бұдан бөлек, әкімдік туристерге қосымша хостел, жатақханалар да дайындап отыр. Жатақханалардағы баға 2 мың теңгеден басталады. Дегенмен, әкімдік ұсынған мұндай арзан орындардың саны шектеулі. Бар-жоғы 38 мың адамға ғана шақталған.