Си Цзиньпиннің "Ел басқару жөнінде" атты кітабы қазақ тілінде жарық көрді
2017 ж. 05 маусым
4403
1
Маусымның 5-і күні Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Аналитикалық орталығы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты мен Қытайды зерттеу орталығы. Си Цзиньпиннің кітабын ҚХР азшылық ұлттар баспа үйі қазақ тіліне тәржімалады.
Бұл туралы ӘЭСИ баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
- Аталмыш кітаптың қазақ тіліне аударылуы Мемлекет басшысының үздік заманауи әдебиеттерді қазақ тіліне аудару бойынша қойған тапсырмаларға жауап беріп, мемлекеттік тілдегі әдебиет қорын жетілдіретініне назар аударғым келеді. Сондай-ақ, оның оқырман аудиториясы айтарлықтай ұлғаяды, - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев.
2014 жылы жарық көрген «Си Цзиньпин ел басқару жөнінде» кітабы әлемде үлкен сұранысқа ие, бұл кітап жыл сайын 25-тен астам тілде миллиондаған данамен басылады.
Ержан Салтыбаевтың сөзінше, Қазақстанда жүргізіліп жатқан Үшінші жаңғырту аясында бұл кітап үлкен сұранысқа ие болмақ.
- Біз үшін шығыстағы табысты әрі нәтижелі көршіміздің жетістіктері мен реформалық тәжірибелері маңызды. Си Цзиньпиннің негізгі мақалалары, сұхбаттары мен баяндамалары жинағында қытайлық триумф феномені, әйгілі жетекшінің саяси философиясы, Қытай Халық Республикасының ішкі және сыртқы саясаты дамуының негізгі стратегиялық бағыттары анықталып жазылған, - деді ӘЭСИ директоры.
Е. Салтыбаевтың пікірінше, кітап қазақстандық оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алады: «Сарапшылар мен зерттеушілер үшін бұл құжаттық дерек пен бастапқы деректердің қайнар көзі болып табылады. Іскер орта мен кәсіпкерлер қауымдастығы үшін бұл кітап Қытай экономикасының тетіктерін, оның жұмыс істеуін білуге, инвестиция үшін жаңа идеялар мен жаңа бизнес-жоспарларды тудыруға көмектеседі. Кітаптың Қазақстанда жарық көруі мемлекеттік құрылым, жаңғырту мен тарихтағы тұлғаның рөлі секілді салаларда жаңа ғылыми зерттеулер жүргізуге тағы бір серпін береді деп ойлаймын».
Кітаптың таныстыру рәсіміне ҚР Президентінің Кеңсесі жетекшісінің орынбасары Бақытжан Темірболат, ҚХР Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхой және ҚХР Мемлекеттік кеңесі Баспасөз-кеңсесінің жаһандық коммуникация Бюросы директорының орынбасары Туо Жень, сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов және басқа да Қазақстанның қоғам қайраткерлері қатысты.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2017 жылдың 8 маусымында Астанаға ресми сапармен келуіне және ШЫҰ мүше-мемлекеттер басшыларының Саммитіне қатысуына орайластырылған.
Тұсаукесер аясында қонақтар қытай тіліне аударылған белгілі қазақ жазушыларының кітаптарымен таныс болды. Шара қатысушыларына кітаптың алғашқы даналары таныстырылды.