Жұртты алдаудың жаңа түрі: жиһаз алаяқтары пайда болды
2017 ж. 17 мамыр
3390
1
Көкшетауда бір топ тұрғын жөндеуге деп берген жиһаздарын таппай сабылып жүр. Ғаламтордан тапқан әлдебір шеберлерге ақшасын да төлеген екен. Енді сол шеберлерден де, үй-үйден әкетілген дүние-мүліктен де хабар жоқ. Қолдарына мөрі бар бір жапырақ қағаз ұстап қалған 30 отбасы алданғандарын кейін түсінген.
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Ғаламтордағы «жиһаз жөндейміз» деген хабарландырудағы, әсіресе, үйден артып алып кетеміз деген қосымша қызмет тұрғындарды қатты қызықтырыпты. Телефон шалсаң болды, жүк тиеушілер келіп, жөндейміз деп дивандарын да, ақысы деп ақшаларын алып кетіп отырған.
Ағаш шеберіміз дегендер үй басынан 50 мың мен 100 мыңға дейін санап алып, кетерде мөр басылған кепіл қағаз қалдырыпты.
"Диваным мен екі кресломды 300 мыңға алғам. Үйге жөндеу жасап, интерьерді өзгерткен соң, басқа түске ауыстырғым келді. Өзіміз көмектесіп артып бердік, жартылай ақшасын да бердік" дейді қала тұрғыны Яна Плахотник.
Осылай жоқ іздеп жүрген көкшетаулықтар саны отызға жуық. Кері қайтпаған жиһазды тұрғындардың бірі далада жатқан жерінен тапқан. Сол 1 диваны мен 4 креслосын жөндетуге 50 мың теңге берген екен.
"Таң қалып тұрмын. 6 ай болды, дивандарым, креслом жоқ. Міне, мына жерде жатыр, сұмдық қой" дейді қала тұрғыны Айгүл Рахымжанова.
Алданған тұрғындар дүниесін артып әкеткен адамдарды полицияға өздері ұстап беріпті. Полиция болса қылмыстық әрекет жоқ деп оны босатып жіберген. Ұсталған Эдуард Ким деген азаматтың өзі де алаяқтық іске еш қатысым жоқ деп азар да безер.
"Мен тек жиһаздарды артып, қажет жерге апарып отырдым. Менің қатысым жоқ. Рыжих деген жігіт қожайын. Ол несие алып, бәрін қайтарамын деген" дейді ол.
Осылайша, тапа-тал түсте дүниесі мен ақшасынан айырылған көкшетаулықтар енді сотқа да, полицияға да арыздана алмай отыр. Сондықтан, оларға жоғалған жиһаздарын өздері іздеп сабылудан басқа амалдары жоқ сыңайлы.