Нұрсұлтан Назарбаев: Оңтүстік өңірдің тарихы – тұтас Қазақстанның тарихы
2017 ж. 05 мамыр
3125
6
Өткен аптада жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңір жұртшылығымен кездесті. Жүздесу барысында өңірдің бірегей тарихына және мәдени ерекшелігіне тоқталды.
«Оңтүстік Қазақстан –қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл – абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Яссауи мен Әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16%-ы тұрады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті оңтүстік өңірдің тарихын тұтас Қазақстанның тарихы деуге болатынын атап өтті. «Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері – біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы – халқымыздың сақталуына әсер еткен қазақтың бірлігі мен тұтастығының қасиетті символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет», – деді Ел Президенті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан үштілділік мәселесіне де баса назар аударып, әліпбиді ауыстыруға қатысты көпшіліктің көкейіндегі күмәнді сейілтті. «Ағылшын тілін оқытуды жандандыру қажет, ол іскерлік ортаның барлық саласында қолданылатын болады. Бұл – заман талабы», – деді Елбасы. Кездесу барысында Қазақстан Президенті облыстың дамуындағы бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды. qazaquni.kz