Шымкентте биылдан бастап балабақша салынбайды
2017 ж. 03 мамыр
5169
2
Шымкентте биылдан бастап балабақша салынбайды. Бұл туралы шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылдан бастап балабақша салмаймыз деген шешімге келдік. Бұдан былай әр балаға қажетті қаржыны бөліп, жекеменшік балабақшаларға төлейміз. Бұл екі жаққа да тиімді. Біріншіден, кәсіпкерлердің жұмысы жүреді. Екіншіден, мемлекет те қаражатын үнемдейді. Құрылысқа, жобалау құжаттарына артық қаржы жұмсалмайды. Өйткені балабақшаны кәсіпкердің салғаны жеңілдеу. Ең бастысы, балабақшаға баратын балалардың саны артады», - деді қала әкімі.
Өз кезегінде кәсіпкерлер Шымкенттік бөбекжайларға мемлекеттен төленетін қаражаттың тым аздығын тілге тиек етті. Мәселен, Аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаеваның сөзінше, жекеменшік балабақшадағы әр балаға ай сайын бөлінетін 8 мың теңге тамақ пен қажеттіліктен артылмайды. Ал «кез келген кәсіпкер табыс тапқысы келеді», дейді ол.
Бұл мәселеге қатысты жауап қатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қазір барлық өңірлерде осы сынды мәселелерге қатысты ұсыныстар талқыланып, оны оңтайлы шешу жағы қарастырылып жатқанын атап өтті.
Яғни, еліміздегі барлық облыстардан балабақшалар үшін қанша қаражат бөлінетіні, оның инфляциялық деңгейі туралы ақпараттар жинақталуда. Алдағы күндері ортақ жоба жасалып, ұсыныстар Ұлттық экономика министрлігіне жолданатын болады.