Белгісіз біреу Димаш Құдайбергеннің атынан газетке сұхбат берген
2017 ж. 20 сәуір
2103
0
«Айқын» газетінде әнші Димаш Құдайбергенмен «Мақсатым – өнер жолы» атты сұхбат жарияланып, оның арты шуға ұласты.
Себебі, газет тілшісі Жадыра Аққайырға Димаштың атынан сұхбат берген адам Димаш емес, басқа біреу болып шықты. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер жариялана бастады.
Бұл туралы kaz.365info.kz порталы хабарлады.
«Айқын» газеті оқырмандарынан кешірім сұрапты:
«Құрметті оқырман! Дүйсенбі күнінен (17.04.2017) бастап 8 702 *** ** ** нөміріне қоңырау шалған едік. Келесі тарап өзінің Қанат Айтбаев екендігін растап, газетімізге сұхбат беруге келіскен болатын. Алматыда болса, жолығайық дегенімізге «уақыт тығыз, Димаш қатты шаршаңқы» деп жауап берген еді. «Телефон арқылы тілдесіп, сұхбат беруге келістіріп беремін» деді. Осылайша екі күн бойы сөйлесіп, кеше (18.04.2017) 21:32-де өзге нөмірден (8 777 *** ** **) қоңырау шалып, сұхбат алуды ұсынып, телефонды Димашқа беремін деді. Біз болсақ, диктофонды қосып, қысқа сұхбат алдық.
Бүгін (19.04.2017) таңертең Димаш Құдайбергеннің ата-анасы хабарласып, ол адамның алаяқ екендігін жеткізді. Аталған нөмірге анасы Света Айтбаева да хабарласып, тілдесіпті. Телефонның арғы жағындағы адам бастапқыда өзін Қанат Айтбаев секілді ұстаған көрінеді. Алаяқтық жасаған адамның кім екендігі де анықталды. Екінші 8 777 *** ** ** нөмірінің де кімдердің атына тіркелгені белгілі болды.
Газетіміздің 19 сәуір күнгі №57 санында жарияланған «Мақсатым – өнер жолы» атты Димаш Құдайбергеннен алынған сұхбатымыз осылайша жалған болып шықты. Сол үшін әріптестерімізді Құдайбергеновтер әулетінің атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырамыз. Ал Димаштың атын иемденген алаяқты анықтауды құзырлы органдардан сұраймыз».
Сонда Димаштың атын пайдаланған кім? Осыған байланысты Димаштың анасы Светлана Айтбаева Жадыра Аққайырға арнайы пікір беріпті.
Светлана Айтбаева, Димаштың анасы:
– I am a singer жобасының финалы біткенімен, келісім-шарт уақыты әзір біткен жоқ. Себебі алдағы уақытта, яғни 22 сәуірде гала-концерті өтеді. Содан кейін барып Димаш Қазақстанға оралады.
Бүгінде Димаштың атынан фейк-аккаунт ашып, сұхбат беретіндердің көбейіп кеткені бізді қынжылтып отыр. Әлеуметтік желідегі ресми фан-клуб емес, жалған парақшалардың саны кем дегенде елуге жуық. Сондықтан баршаңыздан сақ болуды сұраймын!
Осы күнге дейін Димаш өзінің мәдениетін, білімін, қандай екендігі сұхбаттары мен жазбаларында көрсетті. Сондықтан күдіктеніп, күмәнмен қарауларыңызды сұраймын. Мәселен «Айқын» газетіне берілген сұхбатта ол адамның Димаш емес екені көрініп тұр. Барлық журналистерге айтарым – тексеріп алса, бет-жүзін көрмей, сұхбат жасамаса екен. Біз барлық БАҚ үшін ашықпыз. Маған кез келген адам хабарласып, сұхбаттаса алады.
Мақсат Еркінбекұлы