Дәурен Абаев Мемлекет басшысының мақаласына қатысты пікір білдірді
2017 ж. 14 сәуір
1951
1
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, жеке өзіне Президенттің 100 үздік әлемдік оқулықты мемлекеттік тілге аудару, қазақстандық мәдениетті шетелде ілгерілету ұсынысы қызықты болды.
«Бұл жұмыс біздің бүкіл қоғамымызға қатысы бар. Ғалымдарға да, экономистерге де, шағын бизнеске де. Мұның барлығы біздің елімізді әлемдік мәдени ортаға ілгерілетудегі берекелі жұмыс қой. Мен бұл мақаланы зейін салып оқуды өтінемін», - деді ол «Дәурен Абаевпен ашық сұхбат» бағдарламасы барысында.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев латын әліпбиіне көшу Қазақстанның өзінің стратегиялық серіктесі саналатын Ресей Федерациясымен арадағы қарым-қатынасына еш әсер етпейтіндігін де баса айтып өтті.
«БАҚ ең алыпсатарлық тақырыпты латынға көшуді қағып алды. Бұл қадамды Президент өзінің 2012 жылғы Жолдауында айтқан болатын. Яғни, қазір тапсырманы жүзеге асыру жайында сөз болып отыр», - деді ол.
Ведомство басшысының атап өтуінше, кейбір БАҚ бұл процесті шамадан тыс саясиландырып жіберді. Негізінен мәселе лингвистикалық тұрғыда көтеріліп отыр.
«Бұл таза спекуляция. Көшу мәселесі лингвистикалық тұрғыда тұр. Одақтасымыз Ресей Федерациясымен біздің қарым-қатынасымызды қайта қарастыру жайында сөз жоқ. Және болуы да мүмкін емес, бірнеше жыл өткеннен кейін барлық сыншылар мұның олай еместігіне түсінетіндігіне мен кәміл сенемін және бұл тақырып төңірегіндегі осынау алыпсатарлықтың барлығы да өткен іс болып қалады», - деді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар ол Қазақстанның Ресеймен стратегиялық әріптес болғандығын әрі болып та қала беретіндігін баса айтты. Министр құжаттың ең қажетті уақытта жарық көріп отырғандығын да атап өтті.
«Еліміздің барлық тұрғындары мақаланы мұқият оқу барысында біздің алға қадам басуымызға қажетті дүниелерді табарына сенімдімін. Мемлекет басшысы өзгелердей емес әлемде орын алып жатқан өзгермелі трендтерді бірден сезеді», - деді министр.
Оның пайымынша, құжат конституциялық реформалар мен экономикалық жаңғырудың логикалық жалғасы болып отыр.
«Қоғамдық сана-сезімді де өзгертетін уақыт жетті», - деді ол.
«Дәурен Абаевпен ашық сұхбат» бағдарламасының толық нұсқасын «Хабар» телеарнасының сайтынан көруге болады.