Ақтөбеліктер қираған көпірге қала әкімінің атын бермекші (фото)
2017 ж. 14 сәуір
1899
0
Ақтөбеліктер қираған көпірге әкімнің атын бермекші. Сазды су қоймасының маңындағы саяжай тұрғындары бірауыздан осындай шешімге келіп отыр деп жазады Kerek-info.
Ақтөбелік құтқарушылар еріген қар суының ағынын тоқтату үшін көпірді бұзыпты. Енді соның кесірінен қала іргесіндегі ауылмен арадағы көлік қатынасы үзіліп қалған. "Осы көпірді ретке келтірсе, қала әкімінің атын беруге дайынбыз", - дейді тұрғындар.
Аты саяжай болғанымен, осы жерде үй салып, жыл он екі ай тұратын жергілікті тұрғындар мұндай жағдайдың жылда қайталанатынын алға тартты. Олардың айтуынша, дәл осы Сазды саяжайының жанына қыс бойы қаладан шығарылған қар үйіледі екен.
Яғни, полигондағы қар еріп, көктем келгенде айналаны су басып кететін көрінеді. Тұрғындар мұндай жағдайдың жыл сайын қайталанатынына ашынады. Өйткені өзен арнасын кеңейтіп, қыста қар жинайтын полигонды алысқа көшіру қажет екен. Қыс бойы қаладан шыққан қарды коммуналдық қызметтегілер осы елді мекен іргесіне үйіп келген. Енді ол еріп, ауылды алып кетіпті.
"Әкімдіккке айтқаныма төрт жылдан асты. Жыл сайын қарды әкеліп осында үйе береді. Коммуналдық мекеме көліктері алысқа апарып төгуге жанармайларын аяйды. Соның кесірінен жыл сайын бізді су басады. Былтыр да осы көпірді су арнасын бұру үшін бұзып, артынан шенеуніктер ұмытып кетті. Ол кезде де өздеріміз ақша жинап, тас төсеген болатынбыз", - дейді ашынған тұрғын.
Ал қала әкімі Ілияс Испанов тасқынға қыста төгілген қардың қатысы жоқ екенін айтты.
"Қыс бойы қарды Сазды су қоймасының қасына жинадық. Ол көктем кезінде еріп, су қоймасына ағып кетті. 31 наурызда қар қалың түсті. Сол қар еріп, қазіргідей жағдай болып жатыр",- деді қала басшысы.