Астанада құрылыс компаниясынан алданған үлескерлер ереуілге шықты (фото)
2017 ж. 11 сәуір
2215
0
Астанада жүзге жуық үлескер Жоғары Сот алдына жиналып, «Оралдизайнстройсервис» құрылыс компаниясына 5 жыл мерзімге реабилитация берілуіне қарсылықтарын білдірді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда компания директоры Кеңес Жұмабековтың үстінен "алаяқтық" және "қаржы жымқыру" баптары бойынша іс қозғалып, ол тергеу абақтысына қамалған.
Үлескерлер басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қарызға белшесінен батқан компанияны ешқандай реабилитация құтқармайды деп отыр. Олар экономикалық сауықтыруға берілетін қаражат алаяқтығы әшкере болған құрылыс компаниясына емес сенімді әрі тексерілген мердігерлерге тапсырылса деген уәждерін айтты.
Жоғары Сот өкілдері жиналған үлескерлер арасынан бес адамның ғимаратқа кіріп, басшылыққа талап-арыздарын жеткізулерін сұраған. Үлескерлер арасынан таңдалған бес өкіл заң мамандарымен бетпе-бет кездесуден кейін журналистер мен үлескерлерге Жоғары сот басшылары олардың талаптарын тыңдап, құқықтарын түсіндіргенін жеткізді.
Ал «Оралдизайнстройсервис» құрылыс компаниясына бес жыл мерзімге реабилитация беруге қатысты Батыс Қазақстан облыстық сотының шешімін Жоғары сот бүгін қарайды.
Айта кетейік, өткен жылы Астана қаласының әкімдігі «Оралдизайнстройсервис» ЖШС құрылыс талаптарын өрескел бұзғанын және 900-ге жуық үлескер қаржысын құйып, үйлерін ала алмай жүргенін растаған. Алаяқ компанияның кесірінен не ақша, не пәтерсіз сенделген үлескерлер бұған дейін Астана қаласының әкімдігі және Бас прокуратура ғимаратының алдында бірнеше наразылық акциясын өткізген болатын.
Ашынған инвесторлар әділдік орнап, алаяқ компания басшылары жазасын алмайынша және өзімізге тиесілі пәтерлерімізге кіргенге дейін күресеміз деп отыр.