Тұрлыхановқа әскери тікұшақ не үшін қажет болды?
2017 ж. 01 сәуір
4268
1
Көлік және коммуникациялар министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Қайрат Тұрлыханов ШҚО-да құлаған тікұшақта болмағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Караван".
"Жоқ, мен болған жоқпын. Бортында Айтқали Ақбаев (Аягөз қаласының жанармай қоймасының директоры және аудандық мәслихат депутаты) және ұшқыш Петр Устинов болды. Қазір мұнымен ҚР ІІМ айналысып жатыр, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Айтқалидан түсініктеме алып, үйіне жіберді. Ол менен бірнеше сағатқа тікұшақты бере тұруын сұраған, өз шаруашылығын қарап келуге. Рұқсат бердім. Ақы сұрағам жоқ. Тікұшақта болсам, үш сағаттан кейін жұмыс орнымда отырмас едім!" - деді Қайрат Тұрлыханов.
"Мен қыстауда болдым. Менде де үлкен шаруашылық бар. Ол күні боран соқты. Байланыс үзілді де, туыстарыма қоңырау шала алмадым. Ешқандай ақпарат болған жоқ. Достарым мен үшін алаңдаған. Әйелім уайымдап, мен қаза тапты деп ойлаған", - деп атап өтті ол.
Қайрат Тұрлыханов тікұшақтың осымен екінші рет құлағанын айтады. Оның сөзінше, үш жыл бұрын тікұшақ Ақмола облысында құлаған.
Еске салайық, 25 ақпанда тікұшақ Үржар ауданындағы Қожа ауылынан ұшып шығып, Аягөз ауданындағы Ақшатау ауылына қонуы керек болған. Куәгерлер соңғы рет оны Айқыз ауылының үстінен көрген. Тікұшақ діттеген орнына жетпеген. Ал 18:30-да ұшқышпен байланыс үзілді. Бір тәуліктен кейін тікұшақ Аягөзден 60 шақырым жерден табылды. Бастапқыда құтқарушылар тікұшақ бортында үш адам болғанын хабарлаған, кейін екі адам екені нақтыланды: ұшқыш Устинов қаза болды, ал жолаушы Ақбаев ауруханаға жеткізілді.
Құлаған тікұшақ Көлік және коммуникациялар министрлігінің Көліктік бақылау көмитетінің бұрынғы төрағасы Қайрат Тұрлыхановтың әйелі Ғапура Тұрлыхановаға тиесілі. Алдын ала болжам бойынша, тікұшақ пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан құлаған.
Атап өту керек, Тұрлыханованың иелігіндегі "Стрекоза 7-Gazelle" тікұшағы әскери болып табылады. Басылымның хабарлауынша, оның нарықтағы бағасы шамамен 130 миллион теңгені құрайды.