ХҚКО-дан дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметі іске қосылды
2017 ж. 30 наурыз
3005
0
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметін іске қосуда.
Енді қазақстандықтардың дайын құжаттарды алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ, курьер оны кез келген мекенжайға жеткізіп береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл сервисті пайдалану үшін клиент қызмет алуға қажетті толық құжаттар пакетін ХҚКО инспекторына өткізеді және дайын құжаттарды жеткізіп беру жөніндегі өтінімді толтыру үшін ХҚКО ғимаратында орналасқан «Қазпошта» АҚ қызметкерлеріне жүгінеді. Құжаттарды жеткізіп беру қызметі жеке және заңды тұлғаларға коммерциялық негізде көрсетіледі. Үйге жеткізіп беру бағасы қызмет көрсетілетін аймаққа және соңғы жеткізілім мекенжайына байланысты болады. Жеткізілім жайлы ақпаратты берілген трек-нөмірі бойынша post.kz. сайтынан қадағалап отыруға болады. Қызметтің ең төменгі құны - 500 теңге. Қызмет алушы қызмет ақысын дайын құжаттарды алғаннан кейін төлейді», - делінген ресми хабарламада.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, жаңа қызмет ХҚКО-ға келуге уақыты тапшы азаматтарға арналған.
«Қазіргі уақытта қызметтерді автоматтандыру жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Көптеген қазақстандықтар қызметті электрондық үкімет порталының көмегі арқылы үйден шықпай-ақ алады. Алайда, ХҚКО-ға келмей рәсімдеуге болмайтын қызмет түрлері де бар. Соңғы уақытта қызметті үйде отырып алуға өтініш білдірген азаматтардың қатарының өсуіне байланысты, біздің қызмет алушыларымызға ыңғайлы болу үшін осы сервисті іске қосуды шештік» - дейді Оспанов.
Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта интернет, телефон, ұялы байланыс және тағы басқа арналар арқылы бірнеше сервистер мен жобаларды енгізуді жоспарлап отыр.