Билік ел арасында араздық туғызғандарды Қазақстан азаматтығынан айырмақшы
2017 ж. 29 наурыз
3113
9
Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рушылдық, нәсілшілдік, қауымдық немесе діни араздық туғызу" бойынша 174-ші бабына қолданылатын жазаларға Қазақстан азаматтығынан айыру жазасы қосылуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігінің брифингінде айтылды деп хабарлайды Centralasian.org.
Қазір 174-ші бап бойынша бес жылдан он жылға дейін түрме жазасы беріледі. Қазақстан азаматтығынан айыру жазасы қарулы жанжалдарға қатысқаны үшін қолданылуы мүмкін.
Әділет министрлігі азаматтықтан айыру жазасын террористік қылмыс жасағандарға, Қазақстанның маңызды мүдделеріне орасан зор нұқсан келтіргендерге қолдануды ұсынып отыр. Әділет министрлігінің Заңнамалар департаментінің директоры Дархан Игембаевтың айтуынша, "террористік қылмыс, сондай-ақ Қазақстанның маңызды мүдделеріне орасан зор нұқсан келтіру" түсінігі қылмыстық кодекстің 15 бабына қосылуы мүмкін.
Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, заң жобасын парламент бекіткен жағдайда, бұл мәселедегі соңғы шешімді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шығарады.
4 сәуірде әділет министрлігі ведомствоаралық комиссияның жиналысын өткізуді жоспарлап отыр, одан соң билік заң жобасының соңғы нұсқасын қоғам назарына ұсынады.
Дереккөз: nur.kz