Ашынған ана министрге денсаулық сақтау саласындағы бар былықты жайып салды
2017 ж. 26 наурыз
3132
1
Астана қаласы №5 емханасының пациенті Денсаулық министрінің алдында баяндама жасап тұрған бас дәрігердің сөзін бөліп, наразылығын ашып айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бас дәрігер Алтыншаш Табылдина министр Елжан Біртановқа емхана 1,5 ауысымда істейтінін, тәулігіне 900 адам қабылдап, еш кезек жоқ екенін, барлық пациенттер алдын ала кезекке жазылатынын хабарлаған болатын. Пациенттерді қабылдау белгілі маршрутпен жүргізіледі. Жасыл дәліз - жоспарлы пациенттерге арналған.
70 жастағы пациент Өмірзақ Тайжанова бұның барлығы жалған екенін айтып, емханада тәртіп жоқ деп налыды. Ол өзінің дәрісін ала алмай жүргенін, дәрігерлер жөні түзу ем жазып бере алмай отырғандығын мәлім етті. Сонымен қатар ол басқа салалық маманға жете алмай, сабылып жүрген көрінеді.
«Бұрын біз дәрігерге алдын ала жазылып қоятынбыз, қазір медбике жазып алады, ол - осы емхананың «құдайы». Тәртіп жоқ», - деді Өмірзақ Тайжанова.
«Пациенттің сөзі рас, салалық мамандарға учаскелік дәрігер жазып алады. Бұл мәселе көптеген пациенттерге ұнамайды, біз түсіндіруге тырысамыз, алайда көбісі оны түсінбейді. Қолда ЭКГ болмаса, кардиолог маманға барудың қажеті қанша? Қажеті болмаса, онсыз да үлкен салмақ салынып отырған салалық маманға пациенттерді жіберу қисынсыз», - деді Табылдина.
Аталмыш сөзталасты бақылап отырған министр, салалық мамандарға деген сұраныс өте жоғары екенін растады.
«Бұл жерде маман тапшылығынан осындай мәселелер туындап отыр. Бүгінгі біздің басты мақсатымыз - жеке-меншік медициналық орталықтар мен жеке дәрігерлерді кепілдендірілген тегін медициналық қызметтер жүйесіне және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту. Бұл - адамдардың салалық маманды таңдап, оны үш ай күтпестен емінен өтуге мүмкіндік береді. Егер маман соншалықты сұранысқа ие болса, оны күте тұруға да болады, дегенмен таңдау көбірек болуы тиіс. Біз барлық мемлекеттік және жеке-меншік медициналық ұйымдарды жалпы денсаулық сақтау жүйесіне тартуымыз қажет. Бүгінде мемлекеттік медициналық мекемелерде кезектер көп, мамандар тапшы, тарифтер төмен, содан дәрігердің де жалақысы аз. Жеке-меншік сектор өте қарқынды дамып жатыр, нарықтық бағалар, әрине, содан кейін дәрігерлер сол жаққа кетіп жатыр. Осы екі жүйені біріктіру керек», - деп атап өтті Біртанов.