Елімізде несиесін жаба алмай қиналғандар бүйрегін сатуға мәжбүр
2017 ж. 24 наурыз
3788
4
Заңсыз трансплантацияға жол жоқ! Денсаулық сақтау министрлігі бауыр, бүйрек, жүрек секілді ағзасын саудалайтындарға қарсы күрес жариялады. Өйткені елімізде несиесін жаба алмағандар көбейіп, олар тірі тауарға айналған. Десе де, табыс табуды көздеген донорлармен қалай күресетінін министрліктегілер ашып айтқан жоқ. Әзірге адам ағзасының бәрі ғаламторда ашықтан ашық саудаланып жатыр.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Серік:
-Кредиттерді жауып, әке-шешеме көмектесем. Сосын аяққа тұрып алып, қалғанын өзім табамын. Бір жалақымен өмір сүру қиындау. Сол үшін интернеттен қарадым қалай ақша табуға болатынын. Көп іздедім шыны керек қалай болады операция. Бір бүйрекпен өмір сүруге бола ма, жоқ па? Болады екен, шүкір.
Сорақысы сол, Серік секілді несиесін жауып, пәтер немесе көлік алу үшін ағзасын саудалайтындар көп. Ғаламторда да бауыр, жүрек, бүйрек сатам дейтін хабарландырулардан көз сүренеді. Ал олардың қара базардағы бағасы әртүрлі. Мәселен, жілік майы – 10 миллион, бүйрек 20, бауыр 23 миллион теңгеге дейін бағаланады. Кез-келгеніне қоңырау шалып, тіпті саудаласуға болады.
-Бүйрегіңді сатасың ба?
-Иә,
-Бір бүйрек қанша ?
-20 миллион/
-Денсаулығың жақсы ма?
-Шүкір жақсы иә. Медициналық анықтама бәрі бар.
Бірақ, ағзаны ауыстыру донорға да мұқтаж адамға да қауіпті екен. Тіпті жақында ғана Алматыда бір бүйрегін сырқат туысына бөліп берген жігіттің денсаулығы нашарлап, қайтыс болған. Қазір жақынын құтқарамын деп өзі ажал құшқан донордың өліміне қатысты тексеру жүріп жатыр. Ал денсаулық сақтау министрлігі заңсыз трансплантациямен мықтап күреспекші.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Адамдар ақша үшін ағзасын сатып, басын қауіпке тігеді. Бұған жол бермеуіміз керек. Тиісті құжаттарды әзірлеп, осы бағытта құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істейміз.
Бірақ мұның қиынға соғары анық. Өйткені түрлі сайттағы хабарландыруға шектеу қойып, ғаламторды бастан аяқ бақылау мүмкін емес.
Соның кесірінен қаржы керек жандар тірі тауарға айналып жатыр. Ал еліміздегі үш жарым мыңға жуық адам ағза трансплантациясына мұқтаж екен.
- Ал, елімізде ағзаны саудалау заңға қайшы. Тек, дәрігерлердің рұқсатынан соң, әр азамат өз қалауымен еш ақысыз донор болуы тиіс. Оның үстіне, биылдан бастап, тұрғындар ағзасын донорлыққа беру жөнінде қағаз жазып қалдыра алады. Яғни, қайтыс болған адамның ағзасы марқұмның келісімімен науқастарға беріледі. Сөйтіп, министрліктегілер донор жетіспеушілігін азайтпақ ойда.