Астанада діни көзқарастағы әйел науқас баласына қан құюға рұқсат етпей қойды
2017 ж. 18 наурыз
2403
2
Астанада "Иегова куәгерлері" ұйымына кіріп алған әйел төрт жасар науқас қызына қан құюға рұқсат етпей қойды. Қыз бала бауырының ісінуінен зардап шегуде. Бұл туралы NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.
Емдеуші дәрігер Арман Әбеновтің айтуынша, қыз бала емханаға ағымдағы жылдың қаңтарында келіп түскен. Баласының өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, оның анасы қызына қан құйдыртудан бас тартыпты.
Әйел мұнысын "Иегова куәгерлері" ұйымына кіретіндігімен түсіндірген.
"Қыздың жағдайы ауыр еді. Бауыры қатерлі ісікке шалдыққан. Бұл өткен жылдың желтоқсанынан-ақ белгілі болды. Сол кезде анасы қызына қан құйдыртқызбай қойды. Өкінішке қарай, дәрігерлер оны көндіре алмаған", - дейді Әбенов.
Әйел нәрестесін өзге жолмен емдеу керек деген шарт қойыпты.
"Оның жағдайында өзге жолмен көмектесе алмаймыз. Ақыры ақпанның аяғында қыз баланың әкесінен қан құйдыртуға рұқсат ала алдық", - дейді дәрігер.