Жапон жазушысы: Қазақстанның ірі кәсіпкерлері жапон императорынан анағұрлым бай
2017 ж. 10 наурыз
5006
10
Жақында Жапонияның Сыртқы саудаға қолдау көрсету ұйымы жанындағы Дамушы экономикалар институтының аға ғылыми қызметкері, доктор Нацуко Оканың «Другая Япония. Жизнь без чайной церемонии» деп аталатын кітабы жарық көрді. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың жеке қорының қолдауымен шыққан кітапта жапон қоғамының қыр-сыры кеңінен сөз болған. Нацуко санның аталмыш кітабынан кейбір деректерді "Егемен Қазақстан" газеті оқырман назарына ұсынған екен.
Жапонияда балаларға қатысты атқарылатын жоралғы, дәстүрдің түрі көп. Бала туғанда кіндігін кесіп, ағаш қобдишаға салып сақтайды. Оны хэсоно деп атайды. Мен де баламның хэсоносын сақтап қойдым. Сондай-ақ, ұлдар үшке және беске, қыз бала үшке және жетіге толғанда атап өтетін шичигосан деп аталатын ғұрыптық мереке бар. Ұл бала беске толғанда хакама деп аталатын шалбар киеді. Ал қыз жетіге келгенде кимоносының белін оби белбеуімен буынады.
* * * Менің білуімше, қазақ танымында туыс-туғанға қамқорлық жасау маңызды саналады. Жапондар қазақ сияқты туысымен жиі араласпайды. Сол себепті жұмыс істемейтін, туған-туысы көмектеспейтін жандарға үкімет жәрдемақы төлейді. Мысалы, ең қымбат қала саналатын Токиода үш адамнан тұратын отбасына үкімет тарапынан ай сайын күнкөріс үшін 1538 доллар, тұрғын үйіне көмек есебінде 678 доллар төленеді. Ал жалғыз басты қарияға күнкөрісі үшін 725 доллар, тұрғын үйі үшін 521 доллар көлемінде жәрдемақы беріледі.
* * * Қазақстанның ірі кәсіпкерлері жапон императорынан анағұрлым бай шығар. Өйткені, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін император әулетінің жекеменшік мүлкі мемлекетке өткізілген.
Сондықтан император әулеті асқан дәулетті деуге болмайды: олардың барлық шығындары мемлекет қазынасынан төленеді. Жапонияда қыздар император әулетіне келін болуға немесе сол маңда жүруге ұмтылмайды. Неге десеңіз, жапон императоры мен оның әулетінің мүшелері көптеген ережелер мен дәстүрлерге бағыну керек. Олардың мойнында күрделі ресми міндеттер бар, барлығын қаз қалпы сақтап, орындау оңай емес.
* * * 2010 жылғы статистикаға сүйенсек, 50 жастағы әр бесінші жапон еркегі ешқашан үйленбепті. 1990 жылы сүрбойдақтар барлық еркектердің 5,6 пайызын құраса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 12,6 пайызға жеткен. Бұл статистика жапон қоғамында үйленуге құлықсыз азаматтардың көбейгенін дәлелдесе керек. Сүрбойдақтардың көбеюіне ел экономикасының баяу дамуы кінәлі деген пікірлер де бар.
* * * Менің жалғыз ұлым бар. Құрбыларымның арасында екі және одан да көп баласы бар отбасылар өте аз. Статистикаға жүгінсек, 2015 жылғы 1 қазан күнгі халық санағының қорытындысы бойынша Жапония тұрғындарының саны (шетелдіктерді қосқанда) 127 миллион адам болған. Бұл жапондар санының кемігендігін көрсетеді. Жалпы, халық санағы Жапонияда 1920 жылдан бері әр бес жыл сайын жүргізіліп келеді.
* * * Әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық институттың алдын ала есебі бойынша 2048 жылы жапон аралдарында тұрғындар саны 100 миллионға жетпейтін көрінеді. Ал 2060 жылы 87 миллион жапон қалады, яғни қазіргіден 30 пайызға азаяды деген сөз. Егер 1970 жылдардың басында Жапонияда жыл сайын 2 миллион бала дүниеге келсе, 2014 жылы бар болғаны 1 миллион сәби туған.
* * * Соңғы жылдары бір әйелге шаққанда бала саны 1,4 деңгейінде қалып отыр. 2015 жылы премьер-министр Синдзо Абэ бұл көрсеткішті 1,8 деңгейіне жеткізу туралы мәлімдеді. Ал 2013 жылы премьер-министр «Экономикалық өсудің стратегиясында» «Бала үшке толғанша ана құшағында болсын» деген ұран тастады. Бұл ұран жүзеге асу үшін Синдзо Абэ компанияларға бала күтіміне байланысты демалысты үш жылға дейін ұзартуды ұсынды.
* * * Жапонияда әйелдер заң жүзінде бала туғанға дейін 6 апта және босанғаннан кейін 8 апта жұмыстан босатылады. Ал бала күтіміне байланысты демалыс сәби бір жасқа толғанға дейін деп белгіленген. Егер балабақшадан орын табылмаса, әйел баламен бір жарым жасқа толғанша үйде отыра алады. Мен жұмыс істейтін институтта баламен екі жылға дейін отыруға рұқсат етілген.
* * * Жапонияда баланы дүниеге әкелу мен оны күтуге байланысты бір реттік жәрдемақы – 420 мың иен (4078 доллар). Бұл қаржы бір балаға медициналық сақтандыру есебінен және әйелдің жұмыс істеу-істемеуіне байланыссыз беріледі. Жүктілік кезіндегі демалыста әйелдерге айлық жалақының үштен екісі мөлшерінде жәрдемақы төленеді.