Ісмақова: Соңғы жағдай – мәселені жаңсақ ұғыну нәтижесінен туындаған
2017 ж. 09 наурыз
2323
1
Алтыншы наурыз күні Алматы қаласында Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Мурат Жұрынов бір топ академиктермен кездесу өткізді. Кездесу барысында ҚР ҰҒА 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналыс қорытындыланып, елімізде саяси билік реформалары мен Елбасының Қазақстан халқына жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Жиын барысында ғалымдар академиктердің мемлекеттік тілдің дамуы туралы ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаевқа, ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықоваға және Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М. Тәжинге жолдаған үндеу хаты талқылаған. Оған ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенова және филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақова да шақырылды.
Кездесу барысында мамандықтар классификаторы мәселесі де назардан тыс қалмады. ҚР БҒМ өкілі қолданыстағы классификатордың ресми нұсқасын ұсынып, үндеуде аталған мамандықтардың өз қалпында қалғанын, және осы мамандықтарға жыл сайын бөлінетін грант мөлшерінің ұлғайып келе жатқанын жеткізді. Министрлік өкілінің айтуынша, әрбір шешім тек алқалы негізде, түрлі кәсіби деңгейлер мен тараптарда талқыланғаннан кейін ғана қабылданады.
Өз кезегінде, мамандықтар классификаторына қарсы шыққан әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова министрлік тарапынан берілген түсініктемелер мен толық мәліметтерді естіп-көргеннен кейін мәселенің анық-қанығына көз жеткізгенін айтты. Ол соңғы уақытта туындаған жағдай – мәселені жаңсақ ұғыну нәтижесі екендігін мәлімдеді.
Ал наурыздың 7 жұлдызында Астанада, еліміздің құрметті ғалымдары, академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова Білім және ғылым министрлігінде болып қайтты. Ғалымдырдың министр Ерлан Сағадиевпен өткен кездесуінде де қазақ тілінің даму мәселелері қозғалды. Е. Сағадиев министрліктің осы бағытта жасап жатқан істері, алдағы жоспарлары туралы мәлімдеп, қазақ тілін оқытудың жаңа методикасы туралы баяндады. Сонымен қатар ол министрліктің тапсырысымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандарының дайындаған қазақ тілінің тұңғыш жиілік сөздігін ұсынып, кітаптың сүйінші данасын сыйға тартты. Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова білім саласының мәселелерін саяси негізде қарастырып, я болмаса жеке бас мүдделерін көздеп, жұртшылықты жаңылдыратын адамдардың іс-әрекеттеріне наразылығын білдірді. Кездесу соңында олар білім және ғылым министрлігінің жоспарлаған қадамдарын қолдайтындығын айтты.
Дереккөзі: «Қасым» порталы