Мереке қарсаңында гүл шоқтары 300 мың теңгеге дейін сатылып жатыр
2017 ж. 08 наурыз
5219
1
8 наурыз әйелдер мерекесіне орай гүлдің бағасы бірден шарықтап шыға келген. Әсіресе, раушан, қызғалдақтарға деген сұраныс көп деп хабарлайды КТК арнасы.
Алматының көптеген көшелері қазір гүл базарына айналған. Жұпар иісі аңқыған қызылды-жасылды өсімдіктер көздің жауын алардай жайқалып тұр. Алайда бағасы бұрынғымен салыстырғанда едәуір қымбат.
Мәселен, кеше ғана 500 теңгеден сатылып жатқан бір тал раушан қазір үш есеге қымбат. Тек көктемде гүлдейтін қызғалдақтардың да құны аспандап тұр. Соған қарамастан тұрғындар жаппай гүл сататын жерлерді жағалап жүр.
Дүкендерде гүл шоқтарына деген тапсырыс күрт көбейген. Тиісінше бағасы да әртүрлі. Мәселен, кей дүкендерде гүл шоқтарының ең арзаны 5 мың теңге. Ал қымбаты 300 мың теңгеден асып жығылады.
"Мереке қарсаңында тапсырыс көп. Өйткені біз гүлді тек Голландиядан әкелеміз. Қазірдің өзінде мыңнан астам адамнан тапсырыс түсіп отыр. Биыл біз 15 мың өсімдік әкелдік. Барлығы мереке күндері сатылып кетеді", - дейді сатушы Малика Холодова.
Аймақтарда да гүл бағасы шарықтап тұр. Мәселен Петропавлда әдеттегідей раушан мен қызғалдаққа емес, мимозаға деген сұраныс көп екен. Ағаш бұтағы секілді бұл өсімдік Абхазиядан әкелінеді. Сондықтан бір сабағы екі мың теңгеге дейін барады. Соған қарамастан сұранысқа ие сыйлықты саудагерлер азық-түлікпен бір сөреге қойып, сатып жатыр.
Оңтүстік жұрты өзгелер секілді Голландиядан тасымай, 8 наурызға өздері өсірген гүлдерін сатып жатыр. 7 гектар жылыжайға гүл егетін күнгейлік дихандар бұл жолы раушанның бірнеше түрін әйелдер мейрамына арнайы өсіріпті.
Ал Ақтөбеде қызғалдақтың бір түбі 350-400 теңгеден сатылуда.