Сағадиев енгізген электронды күнделікті министрдің балалары қолданбайтын болып шықты
2017 ж. 02 наурыз
2875
6
Білім министрі Ерлан Сағадиев атышулы электронды күнделігін бүгін үкіметке әкелді. Алайда, Сағадиевтің "ата-аналар ақша төлемейтін теңдессіз жоба" - деген мақтаулы жобасын премьер-министр Бақытжан Сағынтаев аса жақтыра қоймады.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Үкімет басшысы қыруар қаржыға алынатын интерактивті тақталарға да тиісіп өтті. Электронды күнделікке қарсы шыққан мұғалімдер мен ата-аналарға Білім министрі қандай уәж айтты? Сағадиевтің өзі балаларының үлгерімін онлайн-күнделікпен қадағалай ма?
Елдің шулағанына қарамастан, "теңдессіз жоба" деуден шаршамайтын Білім министрі бүгін электронды күнделігін үкімет мүшелері алдында мақтады.
Сағадиевтің мәліметінше, оқу жылы басталғалы бері пилоттық жоба арқылы 64 жарым миллион баға қойылып, 10 миллионға жуық үй тапсырмасы беріліпті.
Алайда, министрдің ресейлік компания ойлап тапқан жобасы жайлы өзге үкімет мүшелері ұйып тыңдағанымен, Бақытжан Сағынтаев аса қолдай қоймады. Қоғамның наразылығынан хабардармын деген премьер-министр электронды күнделікті ел пікірін ескеріп енгізуді тапсырды.
Министр балаларға бейнесабақтар өткізу үшін интерактивті тақталардың жаңа түрлерін сатып алуды да жоспарлап қойыпты. Бұрынғы министрлер кезінде алынған құрал-жабдықтарды "қымбат әрі тиімсіз" деген Сағадиев, арзан әрі оқушылардың жанарына қауіпсіздерін де тауып қойғанын айтты.
Алайда, министрдің мемлекеттің қыруар қаржысына алынатын тақталарды жыл сайын жаңарту керек дегенін де премьер министр ұнатпады.
Ал үкімет отырысынан көңілсіз шыққан Сағадиев тілшілер алдында өзі шаң жуытпайтын электронды күнделікті балалары қолданбайтынын да мойындады. Бұл жобаны әркім ерікті пайдаланады. Ал, ақша сұрап, мәжбүрлеген мектеп директорымен министрдің өзі жеке сөйлеспек.