Қайрат Қожамжаров: Жемқорлықты жоюды әркім өзінен бастау керек
2017 ж. 08 ақпан
2339
0
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2016 жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқа мәжілісін өткізді деп хабарлайды Baq.kz.
«Бұрын жұрт сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлерін «халық жауы» секілді көретін. Қазір жүйелі жұмыс атқарылып жатқанына адамдардың көзі жетті. Халықтың қолдауын сезіп жүрміз. Енді қоғамдық санаға серпіліс жасау қажет.
Ұжымда жұмыс істейтін әрбір адам дәл жанында заңсыздықтар болып жатқанын түсінеді. Бұл жайлы басшылыққа немесе тиісті қызметке, оның ішінде жемқорлыққа қарсы агенттікке хабарлау қалыпты жағдай болуы тиіс», - деп атап өтті агенттік басшысы.
Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, бүгінде әр түрлі ортадағы басқосуларда, адамдар достарымен, отбасымен әңгімелескенде біздің елімізде сыбайлас жемқорлық өте жоғары деңгейде екенін, бірақ онымен тиісті деңгейде күрес жүргізілмейтіні жиі айтады. Бірақ жемқорлықты жоюды әркім өзінен бастауы керек екенін ескере бермейді.
«Адам алдымен өзіне «Еліміздегі жемқорлықтың деңгейін төмендету үшін не істедім?» деп сұрақ қоюы керек. Меніңше, посткеңестік елдер ішінде Қазақстан жемқорлықпен күресте ең белсенді ел саналады. Біздің тәжірибемізге көптеген ел, дәлірек айтқанда, біздің көршілеріміз, тіпті дамыған елдер қызығушылық танытуда.
Мен шетелде болған кезімде біздің тәжірибемізбен бөлістім. Біздің қатаң әдісіміз, яғни заңымыз бен тәжірибеміз әріптестерімізді есінен тандыра жаздады. Бізді лауазымы төмен шенеуніктерді ұстайды, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деп айыптайтын. Қазір жағдай өзгерді. Бұл – мемлекет басшысының еркі», - деп түйіндеді ол.